«ҚазТрансГаз» және «Газпром» Қырғызстан аумағы арқылы өтетін магистральдық газ құбырының өткізу қабілетін арттыруға ниетті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «ҚазТрансГаз» АҚ Алматы және Алматы облысының тұтынушыларын газбен тұрақты қамтамасыз ету үшін БГА-ТБА (Бұхара газды ауданы - Ташкент-Бішкек-Алматы) магистральдық газ құбырының Қырғыз республикасындағы учаскесінің өткізу қабілетін арттыруға ынталы болып отыр.

Бұл туралы «ҚазТрансГаз» АҚ пен «Газпром» ААҚ компанияларының өкілдері Астанада өткен кездесу барысында талқылады.

Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта магистральдық газ құбырының техникалық жай-күйі және Қырғыз Республикасының аумағындағы «Сокулук» компрессорлық стансасындағы (КС) газ айдау агрегаттары БГА-ТБА газ құбырының өткізу қабілеттерін шектеп отыр. Осы учаскедегі газ құбырының өткізу қабілеті бар-жоғы сағатына 250 мың текше метрді құрайды. Ал Алматы қаласы мен облысының қажеттілігі тұтынудың ең шекті кезеңінде 450 мың текше метр болып отыр.

«Қазіргі жағдайда осы газ құбырын бірнеше тәуелсіз елдер пайдаланатындықтан, газбен жабдықтау схемасы тұрақты болмай отыр. Қысқы уақытта «көгілдір отынға» деген сұраныс артып, құбырдағы қысым төмендеп кетеді. Осыдан, әсіресе, Алматы облысы мен қаласының тұтынушылары зардап шегуде. Оның үстіне БГА-ТБА газ құбырының нашарлап кеткен техникалық жай-күйі де жағдайды ушықтырып отыр. Айта кетерлігі, бұл газ құбырының Қырғызстан аумағы арқылы өтетін бөлігі бір желілік қана болса, Қазақстан аумағында - екі желілік. Бұл дегеніміз апат бола қалған жағдайда газ беру тоқтатылады деген сөз. Сокулук компрессорлық стансасы да айтарлықтай тозған. Бұған қоса, қысқы кезеңде Қырғызстан тұтынушыларының газды рұқсатсыз алу фактілері болып тұрады. Аталған жайттар оңтүстік облыстарда газ жетіспеушілігін тудырып, төтенше жағдай туындау қаупін арттырып отыр»,- деді мамандар талқылау барысында.

Жоғарыда айтылған мәселелерді ескере отырып кездесу барысында тараптар «Газпром Қырғызстан» ААҚ өткізу қабілетін сағатына 450 мың текше метрге дейін арттыру мақсатында магистральдық газ құбырының учаскесін жөндеу және «Сокулук» КС-ын жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізу туралы келісімге келді.

Бұл ретте Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының мемлекеттік шекарасы - «Сокулук» КС учаскесінде ұзындығы 62 шақырымды құрайтын жаңа газ құбырын салу мәселесі де қарастырылуда. Жобаны іске асыру өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдетуге ықпал етеді.

Соңғы жаңалықтар