«ҚазТрансГаз» Қазақстан-Қытай газ құбырының үшінші бөлігін іске қосты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «ҚазТрансГаз» Қазақстан-Қытай газ құбырының үшінші «С» бөлігін іске қосты. Компрессорлық стансалар мен үшінші бөлікті пайдалануға беру Қытай мен Қазақстан арасындағы энергетикалық серіктестік аясындағы халықаралық жобаны жүзеге асыру аясында ашылды.

Энергетикалық нысан бүгін Алматы облысы Жамбыл ауданында салтанатты түрде іске қосылды. «Бұл жобаның үш бөлігі де Қазақстан тарихындағы ең ірі халықаралық газ тасымалдау жобасы болып отыр. Аталған жоба Елбасы айтқан елдің экспорттық әлеуетін әртараптандыру, интеграциялау мақсатын жүзеге асыруға көмектеседі. «С» бөлігінің ұзындығы 1303 шақырымға жетті. ОҚО, Жамбыл, Алматы облыстарының тұтынушыларына газ тарататын А және В бөлімімен қатар жатыр», - деді «ҚазТрансГаз» АҚ басқарма басшысы Қайрат Шәріпбаев. ҚР Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев үш бөлімнен жылына 55 млрд куб көгілдір отын өтетінін айтты. «Қазақстан транзит үшін Түрікменстан мен Өзбекстан газының 1000 метр кубынан 35 $ көлемінде пайда табатын болады. Сондай-ақ өз газымызды тасымалдау үшін де жағдай жасалды», - деді вице-министр. Газ құбырын салуға 14 мың адам қатысты. Желілік бөлім, компрессорлық стансалар, газ шығынын есептеу торабын қоспағанда жоба құны 1,5 трлн теңге болды. «Аталған газ құбыры Қазақстан мен Қытайдың энергетика саласындағы стратегиялық әріптестіктің белгісі. Қазір Қазақстан арқылы келетін газ көлемі Қытай импорттайтын көгілдір отын көлемінің 30 пайызын құрайды», - деді «Петро-Чайна» вице-президенті Люй ГунСюн. Еске сала кетсек, Қазақстан-Қытай газ құбыры ұзындығы 7,5 мың шақырым болатын «Түрікменстан-Өзбекстан-Қазақстан-Қытай» трансшекаралық газ құбырының бір бөлігі.

Соңғы жаңалықтар