«ҚазТрансГаз» АҚ халықаралық банктермен ірі несиелік келісімге қол қойды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «ҚазТрансГаз» АҚ-ның Басқарма төрағасы Қайрат Шәріпбаев халықаралық банктермен жалпы сомасы 400 млн. АҚШ долларына синдикатталған қарыз тартуға арналған несиелік келісімге қол қойды. Бұл туралы «ҚазТрансГаз» АҚ баспасөз қызметінен хабарлады.

Лондон қаласында жүзеге асқан ірі қаржылық келісімді Citibank, ING Bank және Natixis сияқты банктер ұйымдастырды. Бұл қарыз 1,5 % + 3 MLibor пайыздық ставкасымен үш жыл мерзімге тартылды.

Несиелік қаражатты «ҚазТрансГаз» өзінің міндеттемелерін қайта қаржыландыруға жұмсауды жоспарлап отыр.

Басқарма төрағасы Қайрат Шәріпбаев қаржылық келісімнің мәні мен маңызын атап өтті.

«Компания жаһандық нарықтағы құбылмалы ахуалға қарамастан, осындай өте төмен ставкамен қарыз қаражатын тарта білді. Халықаралық банктермен қаржылық келісім бойынша осындай тартымды шарттар Қазақстанның несиелік сенімділігі мен инвестициялық тартымдылығы жоғары бағаланатынын әрі оны одан әрі дамытудың қолайлы болжамдары бар екендігін көрсетеді. Аталған келісімнің халықаралық кредиттік ұйымдармен әріптестік қарым-қатынастарды дамытуда маңызы зор», - деді Қ.Шәріпбаев.

Сондай-ақ Басқарма басшысы Қазақстанның тұрақты экономикалық дамуы мен бүгінде әлемдік қоғамдастық мойындап отырған қолайлы инвестициялық ахуалы - ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп отырған саяси бағыттың нәтижесі екендігін атап өтті.

«Қазақстанның орнықты дамуы көбінесе елдің мұнай-газ саласын дамыту перспективаларымен айқындалады. Газ және газбен жабдықтау саласындағы ұлттық оператор бола отырып, «ҚазТрансГаз» компаниясы Мемлекет басшысы алға қойған және қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі өсіруге бағытталған міндеттерді іске асыруды жалғастырады», - деді Қ.Шәріпбаев.

Соңғы жаңалықтар