Қазталов ауданының делегациясы Александров-Гайдағы қазақ мәдениеті мен әдебиеті күндеріне қатысып қайтты

None
None
ОРАЛ. Қыркүйектің 29-ы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Қазталов ауданының делегациясы көршілес Саратов облысы Александров-Гай ауданындағы қазақ мәдениеті мен әдебиеті күндеріне қатысып қайтты.

Аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Уәлиолла Әбішевтің ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, осымен екінші рет ұйымдастырылған мерекелік шараға бес жүзден астам қандас бауырлар келді. Оның ойдағыдай өткізілуіне, әсіресе, Александров-Гай ауданының мәдениет және кино бөлімінің бастығы Алла Луговская, «Достық» қазақ мәдениеті орталығының директоры Роза Нұрмұхамбетова атсалысты. Мерекеде «Достық» орталығының шақыртуымен қазталовтық өнерпаздармен қатар Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының белгілі әнші Сағадат Рахметжанов бастаған әртістері де концерт қойды.

Жалпы, Қазталовпен ежелден ауылы аралас, қойы қоралас Александров-Гай ауданындағы халықтың 55 пайызын қазақтар құрайды.

Ізгі тілек білдіріп, сыйлықтармен алмасқан Александров-Гай ауданының басшысы Сергей Федичкин мен Қазталов ауданы әкімінің орынбасары Нұриден Құтхожин екі жаққа да тиімді қарым-қатынастың нығая түсетініне сенім білдірді.

Соңғы жаңалықтар