Kazsat спутниктері фермерлер жұмысын жеңілдетпек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпара - ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Марат Нұрғожин ауыл шаруашылығы бағытындағы жерлерді спутник арқылы бақылау маңыздылығы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі таңда ғарыш спутниктері арқылы мониторинг жүргізу маңыздылығының артып отырғанына қуаныштымыз. Қазіргі уақытта дистанциялық зерттеудің қазақстандық жүйесі белсенді түрде қызмет істеп, сала үшін маңызды тапсырмаларды орындау үстінде. Осылайша, бүгін біз осында айтылған мәселелерді шешуге үн қоса алатынымызды білдіргім келеді», - деді вице-министр Парламент Мәжілісінде өткен «Жер ресурстарын тиімді пайдаланудың өзекті мәселелері» атты дөңгелек үстелде.

Ол өз сөзін нақты мысалдармен шегелей түсті.

«Біз Бас прокуратурамен бірге «Жер заң бойынша: заңсыздықты тоқтатайық» атты акция өткізген болатынбыз. Осылайша, аумағы 4,7 млн гектарлық 15 мың пайдаланылмай жатқан участогы анықталды. Бұл бағыттағы жұмыс заңсыз иелікте болған 20,5 мың жер учаскесін 400-ге дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Сонымен бірге, біз ауыл шаруашылығы, индустрия және инфрақұрылымдық дамыту, ішкі істер министрлігімен бірге жұмыс жүргіземіз. Отандық ғарыш жүйесінің әлеуетін барынша қолдана білуіміз керек. Бүгін Airbus туралы сөз болды - оған да екі спутнигіміз кіреді. Ол спутниктер бүкіл әлем бойынша жұмыс жасайды», - дейді спикер.

Марат Нұрғожин сонымен бірге Ақпарат және коммуникациялар министрлігімен кең жолақты интернет тарту жұмысы да қызу жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті.

«Қазір 70 мыңға тарта ауылда интернет жоқ. Олардың бәріне интернет тарту керек. Фермерлер үшін бұл өте пайдалы болады. Біздің Kazsat-2 және Kazsat-3 спутниктеріміз аталған мәселені шешу үшін барынша жұмылдырылатын болады», - дейді Марат Нұрғожин.

Еске сала кетсек, аталмыш дөңгелек үстелде Үкіметтік емес ұйымдардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану мәселесі бойынша өз ұсыныстарын білдірген болатын.

Соңғы жаңалықтар