«KazSat-3» спутнигіне - 5 жыл

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 5 жыл бұрын, яғни 2014 жылдың 28 сәуірінде Байқоңыр ғарыш айлағынан «KazSat-3» қазақстандық байланыс және хабар тарату спутнигі ұшырылған еді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«KazSat-3» ғарыш құрылғысы Байқоңырдың № 81 алаңынан «Луч-5В» ғарыш аппаратымен, «Бриз-М» үдеткіш блогымен және «Протон-М» зымыран-тасығышымен ұшырылған еді.

Үшінші қазақстандық байланыс және хабар тарату серігі Ресейдің «Академик М.Ф.Решетнев атындағы «Ақпараттық спутниктік жүйелер» (АСЖ) ААҚ кәсіпорны мен Thales Alenia Space (Италия) компаниясымен бірлесіп, «Республикалық ғарыш байланыс орталығы» АҚ (РҒБО) тапсырысы бойынша жасалды.

РҒБО мен АСЖ арасындағы «KazSat-3» спутнигін шығару туралы келісімшартқа 2011 жылдың 20 маусымында Ля Буржедегі (Франция) әуе- ғарыш салоны жұмысының аясында қол қойылды.

Сегіз ай өткеннен кейін, 2014 жылдың 29 желтоқсанында «РҒБО» АҚ KazSat-3 байланыс және хабар тарату ғарыш құрылғысын ресейлік өндірістен қабылдады. 2015 жылдың 23 қаңтарында Қазғарыш бұйрығымен құрылған арнайы комиссия «KazSat-3» байланыс ғарыш жүйесін жасау бойынша жоба нәтижесін және Ақкөл қаласындағы ғарыш аппараттарын басқару кешенін қабылдау туралы актіге қол қойды. 2016 жылдың 1 наурызында «OTAU TV» ұлттық спутниктік телевидение абоненттерін осы бортқа ауыстырылғаны және сынақтың аяқталғаны жарияланды. 2017 жылы еліміздің барлық телехабары «KazSat» ұлттық байланыс және хабар тарату спутниктеріне толықтай көшірілді.

«РҒБО» АҚ Басқарма төрағасы Бауыржан Құдабаев біздің агентке берген сұхбатында «KazSat-3» спутнигі штаттық режімде жұмыс істеп тұрғанын хабарлады. Kazsat сериялы ғарыш құрылғыларының транспондерлі сыйымдылығы қазіргі уақытта 74% құрап отыр.

Бүгінгі таңда «КаzSat» ұлттық байланыс спутниктері арқылы жерде 12 мыңнан астам спутниктік байланыс стансасы жұмыс істеп тұр. Осы ғарыш жүйесінің арқасында 8 жылда ішкі нарықта 47 млрд теңгеге импортты алмастыруға қол жеткізілді. 2019 жылы қазақстандық байланыс спутниктері қызметтерінен түскен табыс 6 млрд теңгеден асады деп жоспарланып отыр.

Авторы Сара Қабиқызы

Соңғы жаңалықтар