KazSat-3 арқылы орманның заңсыз кесілуін анықтауға болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда заңсыз ағаш кескені үшін қылмыстық жаза қарастырылған. Дегенмен, аталған норма іс жүзінде өз нәтижесін беріп отырған жоқ. Себебі кесілген ағаштан қалған томарларды ешкім санамайды. Құқық қорғау органдары да ондай заң бұзушылықтарды тіркеуге асықпайды. Осы саланың маманы Серік Тұрымбаев орман қорын KazSat-3 арқылы бақылауды ұсынып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Малайзияда орман қорын бақылау саласында ғарыштық технология кеңінен қолданылады. Оларда  26 күн сайын спутник өтіп отырады. Сонда үш ағаш өсіп тұрса, соның біреуін кесіп алса, 26 күннен кейін бәрін көріп отырады. Себебі қазіргі ғарыштық техниканың мүмкіндігі сол, жарты метр жердегі нәрсені түсіріп, көрсете алады. Міне, осы іспетті тәжірибені бізге де қолдануға болады. Қазір бізде «KazSat-3» аппараты ұшып жүр. Онда суретке түсіретін құрылғылар бар. Соны пайдалану қажет. Қазір орманды аралап, әрбір түп ағашты санау сияқты ескі жүйеден арылып, жаңа технологиялардың мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануымыз қажет. Иә, біршама шығындар болады. Дегенмен, еліміздің орман қорына келетін зиянның көлемімен салыстырғанда, ол шығын көп емес», - АШМ жанындағы қоғамдық кеңестің мүшесі Серік Тұрымбаев.

Оның айтуынша, осыдан бірнеше жыл бұрын ауылшаруашылығы министрлігі заңсыз ағаш кесу бойынша 1,3 млрд теңгенің заңбұзушылықтарын анықтаған болатын. Сол кезде 800 млрд теңгенің шығыны дәлелденді. Алайда істің арты сиырқұйымшақтанып кетті. Сондықтан бүгінде орман шаруашылығы саласындағы заң бұзушылықтарды анықтағанша ондай әрекеттердің алдын алуына баса назар аударған жөн.

Айта кетейік, бүгінде Ауыл шаруашылығы министрлігі майқарағай ағаштары өсетін аймақтарда санитарлық кесуге уақытша тыйым салуды ұсынып отыр.  Себебі еліміздің орманды жерлеріне иелік етіп отырғандар және осы санаттағы жерлерді жалға алғандар санитарлық ағаш кесуді пайда табудың көзіне айналдырды. Олар қураған, шіріген және ауру ағаштарды кесіп, санитарлық шараларды өткізудің орнына сап-сау ағаштарды жапырып жатады. Соның салдарынан қазақтың мыңдаған текше метрлік орманы қаңыраған қу далаға айналып барады.

Соңғы жаңалықтар