«Қазпоштаны» сатып алуға ниетті инвесторға қойылатын негізгі талаптар жарияланды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –«Қазпошта» компаниясы кімге сатылады? Бұл сұрақ «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ активтерді басқару және жекешелендіру жөніндегі дирекция басшысы Алмасадам Сатқалиевқа қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазпошта – қордың портфеліндегі өте маңызды актив. Оның жекешелендірілуіне де баса маңыз беретініміз түсінікті. Нақтырақ айтқанда «Қазпоштаны» сату кезіндегі стратегиялық бағыт-бағдарды айқындап алу үшін біз кеңесші ретінде «KPMJ» халықаралық компаниясын тарттық. Ол «Қазпоштаны» жекешелендіру кезінде мынадай кеңесті ұстануды ұсынып отыр», - деді Алмасадам Сатқалиев тікелей эфирде өтіп жатқан баспасөз мәслихатында.

Халықаралық компания ІРО бизнесінің ауқымын ескере отырып, стратегиялық инвесторды тартуға кеңес берген. Яғни инвестор бизнестің салалық профиліне, логистикалық жұмысына инвестиция салуға кепілдік беруі тиіс. Сонымен қатар инвестор «Қазпоштаға» мемлекеттік бағдарламалар аясында жүктелетін Үкіметтің міндеттемелерін толық орындауы шарт.

«Біз нарықтың әлеуетті қатысушыларының «Қазпоштаға» қызығушылығы болуы мүмкін екенін біліп отырмыз. Кеңесші компания «Қазпошта» жекешелендірілетін кезде ІРО-ға қатысуы мүмкін компаниялардың тізімін бізге ұсынды. Бұл тізімде Ресейден де, басқа мемлекеттерден де компаниялар бар. Олардың бәріне «Қазпоштаны» жекешелендіретін әлеуетті компания ретінде қарап отырмыз. Қандай да бір мемлекетке қатысты айқын бағыт-бағдарымыз жоқ. Жақсы жағдай жасап, талаптарға сай келетін болса – комиссия шешімімен компанияның бірі әлеуетті бенефециар ретінде қарастырылады. Демек нақты мына бір инвесторға сатылады дейтіндей әңгіме жоқ», - деді ол.

Еске сала кетсек, Алмасадам Сатқалиев бұған дейін 2021 жылы жекешелендірілетін ірі активтердің ішінде тек «Қазпошта» пен «Самұрық энерго» барын мәлім еткен еді. Ал 2022 жылы «Air Astana» мен «Qazaq Air», сонымен бірге «Самұрық-Қазынаның» тау-кен компаниясы 2023 жылы Қазақстан темір жолы жекешелендірілетінін мәлім еткен болатын.

Сонымен қатар Алмасадам Сатқалиев «Самұрық-Қазына» активтерін дәл биыл жекешелендірудің айтарлықтай қаупі барын айтқан еді.



Соңғы жаңалықтар