Қазпошта мен Қазақфильм жаңа пошталық марка шығарды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Қазақ киносының алтын қоры» пошталық маркасының топтамасынан «Атаманның ақыры» көркем фильміне 50 жыл» атты пошта маркасын айналымға енгізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ның Instagram парақшасында жарияланды. Таралымы 10 мың даналық пошта маркасының номиналды құны - 300 теңге.

«Атаманның ақыры» фильмінің түсіріліміне өткен ғасырдың жетпісінші жылдарындағы ұлттық киноның үздік мамандары қатысқанын атап өткен жөн. Нақтырақ айтқанда, режиссер Шәкен Айманов, сценарий авторларынан Андрей Михалков-Кончаловский және Эдуард Тропин, актерлерден Асанәлі Әшімов, Нұрмұхан Жантөрин, Нұржұман Ықтымбаев, Алтынай Елеуова және басқалар жұмылдырылған. 1972 жылы фильмнің өзі, сондай-ақ сценаристер мен актер Асанәлі Әшімовке Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы берілді.

Пандемия кезінде Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы YouTube арнасында уақыт сынынан өткен аңызға айналған фильмдерді ақысыз тамашалауға жол ашты. Көрермендер қазақ киносының «Алтын қорына» енген ұлттық кинематографияның ең танымал жауһарларын тамашалауға мүмкіндік алды.


Соңғы жаңалықтар