Қазпошта кассирлері атаулы әлеуметтік көмекке бөлінген қаражатты жымқырған – Түркістан

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет екі облыста Қазпоштаның үш қызметкері ұсталғанын жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осы аптада Павлодар облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Екібастұз қаласындағы «Қазпошта» АҚ пошта байланысы бөлімшесінің басшысына қатысты сыбайлас жемқорлық қылмыс жасау күдігі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Ол 9,4 млн теңге көлеміндегі бюджет қаражатын жеке тұлғалардың карточкалық шоттарына аудару арқылы жымқыру күдігіне ілінді», - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 1-ші департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Бекайдаров онлайн брифинг барысында.

Оның айтуынша сонымен қатар Түркістан облысында «Қазпошта» АҚ-тың 2 кассир-операторына қатысты қылмыстық іс тіркелген. Олар өздерінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, «атаулы әлеуметтік көмек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бөлінген азаматтардың қаражатын иемденген.

«Жалпы, мемлекеттің қолдауға мұқтаж азаматтарды әлеуметтік қорғау - әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Осыған орай, бұл бағыттағы бюджет қаражатын тиімді бөлу мәселелері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің тұрақты бақылауында. Қабылданып жатқан алдын алу шараларына қарамастан, қылмыстық статистика осы саладағы тұрақты бұзушылықтарды көрсетеді», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар