«Қазпошта» басшысы сәлемдемелердің жоғалуына қатысты түсінік берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Былтыр пошта жеткізілімдері кезінде 469 зат жоғалды. Бұл туралы баспасөз мәслихатында «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен жылы 18,6 млн сәлемдеме жеткіздік, оның ішінде тек қана 469 сәлемдеме жолда жоғалды. Яғни мың немесе миллион емес. Ал егер уақытылы жеткізу мәселесіне тоқталсақ, әлемдік статистика бойынша сәлемдемелердің 93-97 пайызы дер кезінде жеткізілуі тиіс. Осы орайда Дүнижүзілік пошта одағының талабы бар. Біздегі көрсеткіш 95 пайыз шамасында. 5 пайызы түрлі себептермен кешіктіріліп жеткізілді», - деді С. Сәрсенов.

Оның сөзіне қарағанда, пошта жеткізілімдеріне байланысты биылғы қаңтарда шағымдар болған. Себебі осы мерзімде жаңа пошта есептілігі енгізілген болатын.

«Неге осы қадамға бардық? Өйткені «Қазпоштада» осыған дейін ескірген жүйелер жұмыс істеп тұрды және олар онлайн режімде барлық сәлемдемелерді ішкі жүйеде бақылап тұруға мүмкіндік бермеді. Өкінішке қарай, аталған мерзімде қолма қол жасалған іс-қимылдар салдарынан сәлемдемелердің жоғалуы немесе кешіктіріп жеткізу секілді мәселелер орын алды. Жалпы, біз осы кезеңді еңсеріп, ақпан айының басында жүйені дұрыс жолға қойдық. Қаңтар айынан бастап қазіргі кезеңге дейін 12,8 млн сәлемдеме жеткіздік. Оның ішінде тек 20 сәлемдеме жоғалды. Жоғалған сәлемдеме үшін клиентке тауардың толық құнын өтейміз. Енгізілген жүйенің арқасында алдағы уақытта жоғалған заттардың көлемі барынша аз болады», - деді Сәкен Сәрсенов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Қазақстан аумағындағы электрондық коммерцияның жағдайына қатысты түсінік берді.

Белгілі болғандай, елімізде интернет арқылы сатып алушылар 2,3 миллионнан асты.

Соңғы жаңалықтар