«Қазпошта» АҚ шабуылға ұшыраған филиалдар жұмысын қалпына келтіруде

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Қазпошта» АҚ шабуылға ұшыраған филиалдардың жұмысын қалпына келтіруде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгінгі таңда «Қазпошта» АҚ-ның барлық филиалдарының жұмысы қалпына келтірілді. Олар штаттық режимде сағат 09:00 – 17:00 аралығында жұмыс істейді. Тек Алматы қаласындағы пошта бөлімшелері уақытша жабық. Жамбыл және Алматы облыстарындағы бөлімшелер сағат 09.00-ден бастап 15.00-ге дейін және сәйкесінше 10.00 – 15.00 аралығында қысқартылған режимде жұмыс істейді.

Пошта бөлімшелері 10 қаңтардан бастап интернет байланысы іске қосылған сәтте зейнетақыларды және жәрдемақыларды беріп келді. «Қазпошта» АҚ клиенттері ақшалай қаражаттарын бөлімшелерден және банкоматтардан шеше алады. Банкоматтарды толтыру жұмыстары жүргізілді.

Бұдан бөлек, компания пошта сәлемдемелерін қабылдауды және өңдеуді қалпына келтірді. Төтенше жағдай режимі кезеңі аяқталғанша сәлемдемелерді сақтау тегін болады.

«Сонымен бірге «Қазпошта» АҚ клиенттердің назарына басқа маңызды факторлармен қатар Алматы қаласы әуежайы рейстерінің жиілігі халықаралық, ішкі, EMS жөнелтілімдерін жеткізу мерзімдеріне әсер ететінін жеткізеді. Бұл Алматы әуежайында бұрынғы ұшу жиілігі қалпына келгенге дейін сәлемдемелер мен хаттарды жеткізу мерзімдері бойынша кешігулер болуы мүмкін дегенді білдіреді», - делінген мекеме хабарламасында.

Айта кетейік, жаппай тәртіпсіздіктер кезінде «Қазпошта» АҚ-ның бірнеше бөлімшесіне шабуыл жасалып, қиратылды. Атап айтқанда: Қызылорда қаласындағы № 5, Алматы қаласындағы № 18, 19, 31, 46, 36, 2, Тараз қаласындағы № 4, 16 бөлімшелер. Кейбірінде пошта жөнелтілімдері ұрланған, төлем терминалдары мен жабдықтары бұзылған. Егжей-тегжейлі шығын тиісті аймақтағы жағдай тұрақталғаннан кейін нақтыланады.


Соңғы жаңалықтар