Kaznedra платформасы маусымда өндірістік пайдалануға беріледі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – KAZNEDRA жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы осы жылдың маусымында өндірістік пайдалануға беріледі. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының 2022 жылдың 14 шілдесіндегі Үкіметтің кеңейтілген отырысы қорытындысы бойынша берген тапсырмасын орындау аясында KAZNEDRA жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы әзірленіп жатыр», - деп атап өтеді Үкімет басшысының бірінші орынбасары жауабында.

Оның айтуынша, KAZNEDRA серверінде ақпараттарды жариялау үшін мемлекеттік және жергілікті органдардан алынған деректерді редакциялау, түрлендіру және құрылымдау жұмыстары жүргізілді. Ал, «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ KAZNEDRA-ға қайталама геологиялық есептерді цифрландыру жұмысын жүргізіп жатыр. Бүгінде платформаға 30 мыңнан астам есеп жүктелген.

«KAZNEDRA жобасын кезең-кезеңмен жүзеге асыру үшін жол картасы бекітілген. Оған сәйкес, платформаның интерактивті картасы, қатты пайдалы қазбаларға арналған лицензияға өтінімдердің бизнес-процесі сынды компоненттер тест режимінде жұмыс істеп тұр. Жүйені өндірістік пайдалануға енгізу осы жылдың маусымына жоспарланып отыр», - деді Роман Скляр.


Соңғы жаңалықтар