Қазмырыштың бұрынғы қызметкері қателесіп аударылған 1,5 млн. жуық теңгені қайтарады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өскемен қалалық соты қателесіп есептелген қаражатты қайтару туралы арыз талабын қанағаттандырды.

ҚР Жоғарғы сотының ақпаратынша, «Қазмырыш» ЖШС Өскемен қалалық сотына 1 487 111 теңге көлемінде қателесіп есептелген ақша сомасын қайтару туралы арыз берді.

Сот жауап берушінің кәсіпорында екі жыл жұмыс істегенін анықтады. Жұмыстан шығарылған соң оған еңбек демалысының пайданылмаған күндері үшін 14 871, 11 теңге көлемінде өтемақы төленуі тиіс еді. Тағайындалған соманы ауыстыру кезінде есепшілік бағдарламада техникалық қате орын алған. Соның салдарынан компьютер бүтін бөлікті бөлшектен бөліп отырған үтірді тани алмай, ақша алушының картасына 1 487 111 теңге есептелген. Жұмыстан шығып кеткен жұмыскер ақшаның қомақты сомасы түскені туралы білгенде, ақшаны қолма-қол етіп алып, жұмыс берушіге қателесіп жіберген ақшаны қайтарудан бас тартты.

Сот «Қазмырыш» ЖШС-нің арыз талаптарын қанағаттандырып, жауап берушіні қате бойынша алған 1 487 111 теңгені қайтаруға міндеттеді. Жауап берушіге 44 167 теңге көлеміндегі сот шығындарын да өтеуге тура келді.

Сот шешімі заңды күшіне енді.

Соңғы жаңалықтар