«ҚазМұнайГаз» жанармай құю стансаларының желісін сатты

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ жанармай құю стансалар желісін иелік еткен «ҚМГ-Retail» ЖШС компаниясындағы 100 пайыздық үлесін 60,5 млрд теңгеге сатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2018 жылғы 12 желтоқсанда мемлекеттік мүлік тізілімі веб-порталының сайтында «ҚМГ-Retail» ЖШС-ін сату бойынша электрондық сауда-саттық өтті. Сауда-саттық, оған қатысқан компаниялар, оның жеңімпазы туралы ақпарат www.gosreestr.kz сайтында жарияланған.

2019 жылдың 8 ақпанында конкурс жеңімпазы «Petro-Retail» ЖШС мен «ҚМГ-Retail» ЖШС-нің 100 пайыздық үлесін сатып алу-сату шарты жасалды.

Осы жылдың 1 сәуірінен бастап ҚМГ еншілес компаниясы «ҚазМұнайГаз Өнімдері» ЖШС мен «ҚМГ-Retail» ЖШС арасындағы жанармай құю стансаларын жалға алу және пайдалану туралы келісімшарт күшін жойды. Сәйкесінше, 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап жанармай құю стансаларының жұмысын жүргізу «Petro-Retail» ЖШС-не өтті .

Активті сату кезінде жаңа иеленушіге қызметкерлердің жұмыс орнын сақтап қалу талабы қойылды. Оған сәйкес, жаңа меншік иесі ҚМГӨ және оның филиалдарының өндірістік персоналын түгелдей қазіргі шартпен кемінде алты айға жұмысқа қабылдауы керек.

Сондай-ақ, байқау талабы мен сатып алу-сату шартында көрсетілгендей, «ҚазМұнайГаз» ЖМҚС желісінің саудалық атауы 2019 жылдың соңына дейін қолданыста болады.

«ҚМГ-Retail» ЖШС-ін сату yellow pages қағидаттарына сай квазимемлекеттік сектор үлесін азайту жөніндегі ҚМГ жоспарларымен байланысты, сондай-ақ ҚМГ-ның даму стратегиясына сәйкес келеді.

Соңғы жаңалықтар