ҚазМұнайГаз ұлттық компаниясында бірқатар ауыс-түйіс болды
2022 жылғы 20 мамыр 20:11

ҚазМұнайГаз ұлттық компаниясында бірқатар ауыс-түйіс болды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының жаңа орынбасарлары және «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС бас директоры тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасының мұнай өңдеу және мұнай химиясы жөніндегі орынбасары қызметіне Арман Құрметұлы Қайырденов келді. Ол мұнай өңдеу, мұнай өңдеу зауыттарының жұмысы және мұнай химиясын дамыту мәселелеріне жетекшілік етеді.

А.Қайырденов Қазақ химия-технология институтын «Көміртек материалдарының химиялық технологиясы» мамандағы бойынша бітірді. 2003 жылы Ресей Федерациясының Үкіметі жанындағы Ауыл шаруашылығы академиясын «Мұнай және газ бизнесі» мамандығы бойынша тәмамдады.

Арман Қайырденов еңбек жолын Атырау мұнай өңдеу зауытында бастап, онда технологиялық қондырғы операторынан зауыт басшысына дейін көтерілді.

2006-2008 жылдары «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-да Мұнай химиясы департаментінің бас менеджері және Мұнай өңдеу департаменті директорының орынбасары болып жұмыс істеді.

2008-2012 жылдары - Rompetrol Rafinare S. A. (Румыния) бас директорының орынбасары, бас директоры.

2012-2013 жылдары «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС бас директоры болып қызмет етті.

2013-2018 жылдары «Атырау АЭА», The Rompetrol Group Corporate Center S.R.L., «ҚазМұнайГаз – Өңдеу және маркетинг» АҚ компанияларында жұмыс істеді.

2019-2021 жылдары «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Техникалық даму департаментінің директоры, мұнай өңдеу жөніндегі басқарушы директоры, Мұнай өңдеу және мұнай химиясы департаментінің директоры лауазымдарын атқарды.

Сондай-ақ , «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасының мұнай тасымалдау, халықаралық жобалар және «Сарыарқа» газ құбырының құрылысы жөніндегі орынбасары болып Болат Қалауияұлы Зәкіров тағайындалды.

Б. Зәкіров Қазақ мемлекеттік басқару академиясын «Халықаралық валюта-қаржы қатынастары» мамандығы бойынша және Данди университетін (Шотландия) «Мұнай және газ экономикасы» мамандығы бойынша бітірді.

1999 жылдан 2009 жылға дейін «ҚазТрансОйл» АҚ-да Стратегиялық жоспарлау департаментінің маманы, Жобаларды басқару департаментінің менеджері, Көлік логистикасы департаментінің бас менеджері, директорының орынбасары, директоры, Перспективалы даму департаментінің директоры, бас директордың даму жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеді.

2009-2011 жылдары «ҚМГ-Транскаспий» ЖШС бас директорының орынбасары, бас директоры болды.

2012-2016 жылдары «ҚазТрансОйл» АҚ бас директорының кеңесшісі, өндіріс жөніндегі басқарушы директоры, бас директордың даму жөніндегі орынбасары және активтер жөніндегі басқарушы директоры қызметтерін атқарды.

2016-2018 жылдары - «KMG Systems & Services» ЖШС бас директорының кеңесшісі.

2018 жылдан бері «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мұнай тасымалдау департаментінің директоры, мұнай тасымалдау басқармасының басшысы болып қызмет етіп келеді.

Осы күні «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары болып Василий Сергеевич Лавренов тағайындалды. Оның міндеті – компания қызметінің заң мәселелеріне жетекшілік ету.

В.Лавренов 2000 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын, 2004 жылы Дюк университетінің құқық мектебін (Жапония) бітірді.

Еңбек жолын 1999 жылы «Титул» заң агенттігі» ЖШС-де заңгердің көмекшісі болып бастады. Одан кейін «Grata» заң фирмасы» ЖШС заңгері болып жұмыс істеді.

2001-2002 жылдары «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ заң департаментінің заң кеңесшісі болды.

2002-2005 жылдары - «Grata» заң фирмасы» ЖШС серіктесі.

2005-2007 жылдары «Bateman Kazakhstan Oil and Gas Company B.V.» компаниясының Қазақстандағы филиалының заң қызметінің бастығы, құқық мәселелері бойынша бас консультанты лауазымдарын атқарды.

2007-2008 жылдары - «Интегра Менеджмент» ЖАҚ (Қазақстан Республикасындағы өкілдігі) мұнай сервистік компаниясының заң қызметінің директоры.

2008-2017 жылдары - «Eastcomtrans» компаниялар тобының заң департаментінің директоры, бас консультанты.

2019-2022 жылдары – Будапешт қаласындағы Greenline Services Ltd компаниясының аға серіктесі, консультанты.

Одан бөлек, «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС бас директоры тағайындалды.

Мамырдың 19-ы күні «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС жалғыз қатысушысының шешімімен Ильдар Тагирович Шамсутдинов компанияның бас директоры болып тағайындалды.

Бұған дейін бұл қызметті Нұржан Нұрланұлы Нұрланов атқарған еді.

Ильдар Шамсутдинов мұнай-газ саласының білікті маманы. Оның Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының мұнай-газ өндіру кәсіпорындарында, сондай-ақ халықаралық трейдинг компанияларында сауда, бизнесті дамыту, логистикалық операциялар және келісімшаттар жасасу бағыттары бойынша мол тәжірибесі бар.

И.Шамсутдинов 2000 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын «Қаржы және кредит» мамандығы бойынша, 2004 жылы Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін «Мұнай және газ кен орындарын игеру» мамандығы бойынша тәмамдаған. MBA дәрежесіне ие (РФ Президенті жанындағы Ресей ауыл шаруашылығы және мемлекет қызмет академиясы).

Еңбек жолын 2000 жылы «CNPC-Aktobemunaigas» ААҚ компаниясында мұнай сату инженері, мұнай тасымалдау маманы болып бастады.

2005-2006 жылдары «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС мұнай сату бөлімінің жетекші маманы болып жұмыс істеді.

2006-2007 жылдары – «Бұзашы Оперейтинг Лтд» компаниясында маркетинг департаментінің жетекші маманы.

2008-2011 жылдары «Назым мұнай-газ барлау экспедициясы» ЖАҚ және «Ханты-Мансийск мұнай компаниясы» ЖАҚ ұйымдарының Мәскеу өкілдігінің басшысы қызметін атқарды.

2010-2017 жылдары – «Жайықмұнай» ЖШС логистика департаментінің басшысы.

2017 жылдан бастап Exmor Group DMCC/ Enco Trading DMCC/ Supreme Petroleum Pte Ltd компаниялар тобында (Дубай және Мәскеу) логистика менеджері, мұнай өнімдерін сату менеджері және трейдинг пен бизнесті дамыту жетекшісі болып қызмет етті.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

MURAǴAT