ҚазМұнайГаз миллиардаған ақшаны шетелде не үшін ұстап отыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Самұрық-Қазына» АҚ-ның Қаржы және экономика жөніндегі директоры Ернар Жаңаділ шетелдік банктерде жатқан депозиттерге қатысты түсінік берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Негізінен, бізге қарасты компаниялардың ақшасы шетелде жатқан жоқ. «ҚазМұнайГаздікі» жатса, жатқан шығар. Бірақ компания сол ақшаның өзін сыртқы қарызын төлеп отыру үшін ұстап отыр. Мәселен, қарызды төлеу уақыты келгенде сол ақшадан төлей салады. 1,6 млрд долларды мына жаққа әкеліп, одан кейін ана жаққа апарып, төлеп жатпайды ғой. Сол жерге салып қойған. Уақыты келгенде төлей салады. Одан басқа «Самұрық-Қазынаның» ешқандай қаражаты, ешқандай депозиттері шетелдік банктерде жоқ», - деді Е.Жаңаділ ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.

Оның айтуынша, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы сыртқы қарызды Қашаған жобасын дамыту үшін алған.

Айта кетейік, былтыр 6 желтоқсанда өткен жиында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев шетелдегі қаржыны қайтаруға қатысты арнайы заңнаманы әзірлеуді тапсырды. Себебі табиғи ресурстардан пайда тауып отырған компаниялар өз ақшаларын шетелде ұстайды. Президенттің айтуынша, 18 отандық компания 12,5 млрд долларды шетелде ұстап отыр. Атап айтқанда, «Теңіз Шевройл» компаниясы - 4,5 млрд доллар, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы - 3 млрд доллар, «ҚазМұнайГаз барлау мен өндіру» компаниясы - 2 млрд доллар, «Азия газ құбыры» ЖШС - 1 млрд-тан астам, «Бейнеу-Шымкент» газ құбыры» ЖШС - 100 млн доллар, бұдан бөлек, «Шығыс Цемент», «Жайық Мұнай», Каспий құбыры консорциумы және тағы басқа компаниялар шетелде қыруар қаражатты ұстап келеді. «Неге олай істейсіздер? Қазақстанның ресурстарын сатып, ақша табасыздар? Ал табысты шетелде ұстайсыздар. Неге ол ақша осында айналып, ел экономикасына жұмыс істемейді? Жарты жылдың ішінде мемлекетке қарасты компаниялар шетелдегі қаржысын 2 млрд доллардан 6 млрд-қа дейін ұлғайтты. Сіздер нені күтіп отырсыздар?! Мен осыны түсінбеймін. Мемлекет сіздерге ақша жасауға жағдай жасады. Сіздер болса, ол ақшаны мемлекеттен тығып отырсыздар. Олай болмайды», - деді Нұрсұлтан Әбішұлы. 

Соңғы жаңалықтар