«ҚазМұнайГаз» Маңғыстау облысындағы еншілес ұйымдарының кәсіподақ көшбасшыларын Түркістанда жинады

None
Ашық көздерден алынған фото
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістанда «ҚазМұнайГаздың» Маңғыстаудағы еншілес ұйымдарының кәсіподақ көшбасшыларына арналған тренинг өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оқу бағдарламасы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ компаниялар тобында корпоративтік мәдениетті арттыру саясаты аясында ұйымдастырылды. Екі күндік іс-шараға «Маңғыстаумұнайгаз», «Қаражанбасмұнай», «Өзенмұнайгаз», «ӨзенМұнайСервис», «ОйлТранспортКорпорейшн», CASPIBITUM, Қазақ газ өңдеу зауыты секілді өзге де кәсіпорын басшылары мен кәсіподақ көшбасшылары қатысты.

Оқу барысында қатысушылар қаржылық сауат бойынша пайдалы ақпарат алып, жаңа дағдылар үйренді, өз компанияларында туындаған өзекті мәселелерді талдап, іскерлік ойын форматында дағдарыс кезіндегі іс-әрекеттерін пысықтады.

Тренингтерге «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма Төрағасы Мағзұм Мырзағалиев те қатысты. Ол іс-шараға келген қатысушыларға мұндай кездесулер дәстүрге айналатынын және әр жиын сайын қатысатын қызметкерлер саны артып отыратынын жеткізді.

«Бұл іс-шараларды кәсіби деңгейімізді көтеру үшін ғана емес, ұжымның ұйымшылдығы мен ынтымағын одан әрі арттыру үшін ұйымдастыратынымызды ерекше атап өткім келеді. Біздің мақсатымыз – бір, міндеттеріміз – ортақ. Жұмыста туындаған өзекті мәселелердің тиімді шешімін бірлесе отырып қана таба аламыз», - деді өз сөзінде Мағзұм Мырзағалиев.

Соңғы жаңалықтар