«ҚазМұнайГаз» еліміздің оңтүстігіндегі бензин жағдайына қатысты түсінік берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ еліміздің оңтүстігіндегі бензин жағдайына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

9 желтоқсан күні Шымкент қаласының және Түркістан облысының жанар-жағар май құю бекеттерінде бензин тапшылығы туындағаны туралы хабарланған болатын.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Рашид Аюпов өңірдегі жанармай тапшылығы Павлодар зауытының уақытша жөндеу жұмыстарына тоқтауына тікелей байланысты екенін жеткізді.

Ал «ҚазМұнайГаз» компаниясы Қазақстандағы 3 мұнай өңдеу зауыты қазір жұмыс істеп тұрғанын айтуда.

««ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ қазіргі уақытта барлық үш қазақстандық мұнай өңдеу зауыты қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұрғанын мәлімдейді.

Мұнай өңдеу және мұнай өнімдерін шығару ҚР Энергетика министрлігі бекіткен жоспардан артық орындалуда. Шымкент мұнай өңдеу зауыты тәулігіне шамамен 6 мың тонна бензин өндіріп шығарады. Зауыттан бензин мұнай берушілердің өтінімдеріне сәйкес уақтылы жіберілуде және тәулігіне 6 мыңға жуық тоннаны құрайды. Бұл көлемнің шамамен 2 мың тоннасы Түркістан облысына жөнелтіледі.

Осылайша, Шымкент өңдеу зауыты тарапынан өңірде бензин тапшылығын тудыратындай еш негіз жоқ», - делінген компания мәліметінде.

ҚМГ диспетчерлік-сараптау орталығының деректеріне сәйкес осы жылдың 10 желтоқсанындағы жағдай бойынша Түркістан облысының мұнай базаларында АИ-92 маркалы бензиннің қоры 15,4 мың тоннаны құрайды. Бұл облыстың 12 күндік сұранысына тең.

«Бұдан бөлек, ресми тұлғалардың бензин тапшылығы Павлодар мұнай-химия зауытындағы жөндеумен байланысты туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Себебі ПМХЗ-да жөндеу жұмыстары осы жылдың қазан айында аяқталған», - деп толықтырды «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-дан.


Соңғы жаңалықтар