ҚазМұнайГаз басшысы Президент тапсырмаларын орындау бойынша жиын өткізді

Фото: None
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев 15 шілде күні мұнай өңдеу зауыттары (МӨЗ) жұмысының жоспардан тыс тоқтауы мен ондағы оқыс оқиғаларды алдын алу жөнінде жиын өткізді.

Компания төрағасы, ҚМГ мұнай өңдеу блогының және отандық МӨЗ басшылары ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау мәселелерін талқылады.

М.Мырзағалиев ел Президенті МӨЗ қызметін бірнеше мәрте сынға алғанын атап айтты. 14 шілдеде Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында МӨЗ-дердің жоспардан тыс тоқтауы салдарынан жекелеген кезеңдегі мұнай өнімдерінің тапшылығы мәселесіне тоқталды.

«Зауыттар менеджменті өндіріс процесінің күрделілігіне және кез келген өндірісте сияқты штаттан тыс жағдайлардың сақталып отырған қаупіне қарамастан, оқыс оқиғалар үшін қашанда жауапты болады. Мұнай өңдеу зауыттарының басшылары бұл мәселені үнемі қатаң бақылауда ұстап, қандай да бір қауіп-қатер кезінде шұғыл түрде тиісті шаралар қабылдауға тиіс», - деді ұлттық компания басшысы.



Атырау, Шымкент және Павлодар мұнай өңдеу зауыттарының басшылары оқыс оқиғалардың алдын алу және жабдықтың беріктігін арттыру бойынша қолға алынған шаралар туралы есеп берді. Сонымен қатар зауыттар менеджменті ҚМГ басшылығына 2020-2021 жылдары және 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында өндірісте болған оқыс оқиғалар мен тоқтап қалу жағдайларына анализді ұсынды. Олардың берген мәліметі бойынша, 2020-2021 жылдары барлық үш МӨЗ-де тоқтап қалудың 401 фактісі тіркелген: АМӨЗ-де 341, оның 60-ы оқыс оқиға, ПМХЗ – 13, оның 10 оқыс оқиға, ПҚОП-та – 47, оның 11-і оқыс оқиға. Анализде МӨЗ-дердің жоспарлы тоқтап қалулары есепке алынбады.

Жиын соңында мұнай өңдеу зауыттарының тұрақты жұмысын арттыру үшін шараларды күшейту бойынша шешімдер қабылданды және ұсыныстар енгізілді. Бұдан бөлек, МӨЗ-дер үшін сатып алу ережелерін жетілдіруді жалғастыру, сондай-ақ қоймада қосалқы бөлшектер мен шығын материалдар қорының кепілдікті резервін қамтамасыз ету қажеттілігі атап өтілді.

Айта кетейік, оқыс оқиға – кәсіпорын жұмысының ішкі себептеріне байланысты болған штаттан тыс жағдай. Ол өндіріс жоспарының орташа айлық орындалуына кері әсер етеді.


Соңғы жаңалықтар