«ҚазМұнайГаз» басшысы Атырау мұнай өңдеу зауытындағы қалпына келтіру жұмыстарымен танысты

Фото: None
Кеше Атырау мұнай өңдеу зауытында сыртқы желілерден электр энергиясын беру ісі күрт тоқтады. Соның салдарынан кәсіпорынның жұмысы толықтай дерлік тұралап қалды.

Қазіргі уақытта электрмен қамту қайта қалпына келтірілді. Динамикалық жабдықтар мен қондырғыларды кезең-кезеңімен іске қосу да жүргізілуде. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысып, тиісті тапсырмалар берді.

Бүгін кәсіпорынға арнайы барған Басқарма төрағасы алдағы уақытта осы іспетті штаттан тыс жағдайлардың алдын алу әрі олардың қаупін азайту мақсатында тиісті шаралар қолға алу қажет екенін атап өтті.

«Жабдықтарды іске қосу – реттеу жұмыстарын қысқа уақыт аралығында аяқтап, құралдардың жұмысқа қабілеттілігін қалпына келтіру керек. Қордағы мұнай өнімдерін тұтынушыларға іркіліссіз жөнелту аса маңызды», - деді Мағзұм Мырзағалиев.

Өз кезегінде Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры Мұрат Досмұратов қазіргі қордың кем дегенде бір аптаға жететінін алға тартты.

«Құралдарды реттеп, кейін іске қосу жұмыстары жалғасып жатыр. Сол сияқты технологиялық нысандардың жұмысын кезең-кезеңмен қалпына келтіру, жабдықты мұнай өнімдері мен катализаторлардан тазарту ісі атқарылуда. Зауытты толығымен іске қосу үшін тәулік бойы 250-ге жуық жұмысшы тартылды. Бүгінгі таңда қорда 26 мың тонна жанармай, 22 мың тонна дизель отыны, 4 мың тонна керосин бар. Жанармай мен дизель отынын тұтынушыларға жеткізу 5-6 күнге, керосин бір аптаға жетеді», - деп баяндады Мұрат Досмұратов.

Айта кетейік, зауытта шикізатты өңдеу бүгін кешке қайта жалғасады.


Соңғы жаңалықтар