Валюта бағамдары:
    usd/kzt 477.98 eur/kzt 488.93

    rub/kzt 7.93 cny/kzt 70.82
Ауа райы:
Нұр-Сұлтан: 1 °С
Алматы: 15 °С

ҚазМұнайГаз акциялары AIX және KASE алаңында IPO-ға шығады

2022 жылғы 28 маусым 17:44

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының бастапқы акциялары AIX және KASE алаңына сатылымға шығарылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл AIX және KASE алаңында біздің компанияның IPO өтетінін ресми түрде жариялаймыз. Біз әлеуетті инвесторлар тарапынан құрылым мен қызығушылыққа қатысты терең талдау жүргіздік. Біз қазір нарықты бағалау бойынша жұмысты аяқтап жатырмыз, даму жағынан үлкен әлеуетті көріп отырмыз», - деді «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев елордада өтіп жатқан «Astana Finance Days» V халықаралық конференциясының панельдік сессиясында сөйлеген сөзінде.

Ұлттық әл-ауқат қорының басшысы қазақстандықтарды мұнай-газ компаниясының акцияларын сатып алуға шақырды.

Аталған процесте биржалар, брокерлер мен «Қазпоштаның» инфрақұрылымы қолданылмақ.

Сондай-ақ, А. Сәтқалиев Fir Astana компаниясының IPO-ға шығу жөніндегі шешім туралы хабарлады.

Оның айтуынша, аталған әуекомпания барлық портфельдік компаниялар арасында IPO-ға барынша дайындалған.

Бірақ әлемдегі қазіргі жағдайға, оның ішінде Еуразияның еуропалық бөлігіндегі қақтығысқа байланысты, биыл IPO-ға шықпау және келесі инвестициялық мүмкіндікті күту туралы шешім қабылданды.

«Бұл ретте біз компанияның капиталына белгілі бір шарттарды ұсына алатын әлеуетті, стратегиялық инвесторлармен белсенді жұмысты бастап кеттік», - деп түсіндірді «Самұрық-Қазына» басшысы.

Одан бөлек, ұлттық қор басшысы «QazaqAir» әуекомпаниясының қамту көлеміне қарай ІРО-ға шығу идеясынан бас тартатынын айтты.

Айтуынша, қазір жекешелендіру процесі жүріп жатыр. Яғни нарықтың негізгі ойыншыларымен жүргізілген келіссөздердің қорытындысы бойынша бірнеше жетекші, әлемдік әуекомпаниямен құпиялылық туралы келісімдерге қол қойылды.

Сонымен қатар А. Сәтқалиев «QazaqGaz» ұлттық компаниясының IPO-ға шығу мүмкіндігін сөз етті.

«Бұл мәселе Қазақстанды газбен жабдықтау және экспорттық нарықты дамыту жөніндегі жалпыұлттық жоспарға енген ресурстық базаны кеңейтуден, ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асырудан кейін қаралады. Саланы реттеуге қатысты Үкіметпен бірлесіп ауқымды жұмыс атқару керек. Атап айтқанда, ішкі нарық бағасын белгілеу мен нарыққа қатысушылар арасындағы өзара қарым-қатынас, Еуразия кеңістігінде бірыңғай нарық құру перспективалары. Осы жұмыстың қорытындысы бойынша аталған компания IPO-ға шығады деп күтеміз. Бұл - біздің жоспарымыз», - дейді спикер.

Жиында бұдан бөлек «Самұрық-Энерго» компаниясын екіге бөлу жайы сөз болды.

Бірі жаңартылған энергия көздері, тарату желілері және электр энергиясын бөлшек саудада сатумен айналысады. Ал екіншісі көмір активтеріне байланысты болмақ.

Соның ішінде алғашқы әлеует IPO-ға ұсынылады.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы «Астана» халықаралық қаржы орталығын басқару жөніндегі кеңес отырысында қарапайым қазақстандықтардың ұлттық компания акцияларын иелену мүмкіндігі болуы керектігін баса айтқан еді.


Автор:

Дәулет Ізтілеу

Новости по теме