Қазіргідей кезеңде басшы жауапкершілігі одан сайын арта түседі - Ә.Серғалин

None
None
Л. Қыркүйектің 23-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға» атты биылғы Жолдауында мемлекеттік қызметшілердің, әсіресе, басшылардың ел алдындағы жауапкершілігі арта түскенін, халықпен жиі кездесіп, тұрғындарды мемлекет қолға алған шараларға жұмылдыра білуі керектігін атап көрсеткен болатын.Осыған орай ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО бойынша басқармасының бастығы, тәртіптік кеңестің төрағасы Әкімгерей Серғалин

 

ҚазАқпарат тілшісімен өз ойларымен былайша бөлісті.

 - Әрине, Президенттің өз Жолдауында әрбір басшының халық алдындағы жауапкершілігіне арнайы тоқталуы және соған сәйкес жоғары талап қоюы мемлекеттік қызметшілерге, түрлі деңгейдегі басшыларға терең ой салғаны сөзсіз. Осындай сындарлы сәтте Елбасымыздың мемлекеттік қызметшілерге сөз арнап, сенім артуы оларды өз жұмысына жаңаша қарап, тың белестерге жігерлендіретіні анық. Шындығында әлемдік дағдарыс әр басшыдан үлкен жауапкершілікпен қатар біліктілікті қажет етеді. Қандай да болсын тұйықтан жол тауып шығу оңай емес. Сондықтан қазіргі кезең елдің бірлігін ту етіп көтеріп, адамдарды ұйымшылдыққа ұйыта отырып, ертеңге жаңашылдықпен жол сала білудің қажеттігін тағы бір көрсетіп отыр. Бұл - барлық аймаққа, үлкенді-кішілі басшылардың бәріне бірдей ортақ мәселе. Сондықтан әр өңірде дағдарысқа қарсы қабылданған шаралардың нақты орындалуы, тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық деңгейінің төмендемеуі ең алдымен басшылардың өз міндеттерін абыроймен атқарып отыруына байланысты.

- Әкімгерей Бексұлтанұлы, елімізде сыбайлас жемқорлықпен күрес күшейтіле түсуде, бұған ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО бойынша басқармасы мен тәртіптік кеңес нендей үлес қосуда деп ойлайсыз?

-Бұл орайда атап айтатын жайт, мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігі олардың тиісті заң талаптарын сақтаумен ұштасып жатады. Яғни мемлекеттік қызметші неғұрлым адал, неғұрлым таза болса, тұтастай алғанда, мемлекеттің де абыройы биіктей түседі. Былайша айтқанда, әркім «мемлекеттік» деген сөздің салмағы қаншалықты екендігін түсінсе, ол ешқандай ағат қадамға бармас та еді. Өкінішке қарай, өмір болған соң, заңнаманы сақтамай, жаңылыс басқандар да кездесіп жатады. Нақтырақ айтып, биылғы жылдың алты-ақ айын алсақ, 156 мемлекеттік қызметші мен соған теңестірілген лауазымды тұлғалар сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы бұзғаны үшін арнайы есепке тіркелген. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда заңбұзушылық деңгейі өзгере қойған жоқ. Кейбір аудандарда, мысалы, Бөрлі мен Қаратөбеде, сондай-ақ Орал қаласында сыбайлас жемқорлыққа байланысты заңбұзушылық азайса, Тасқалада керісінше көбейіп отыр. Бұл ретте өткен жылы жіберілген кемшіліктердің биыл да қайталанып отырғанын атап өткім келеді. Мысалы, мемлекеттік мекемелер мен органдар басшылары мемлекеттік сатып алуда шешім қабылданған кезде біреулерге заңсыз артықшылық көрсетіп, мұның соңы заңбұзушылыққа әкеліп соғады. Нақтырақ айтқанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңның 12-бабы 1-тармағының 4-5 тармақшасы бұзылады, бұл тәртіптік кеңесте жиі қаралатын облыстағы заңбұзушылықтың 80 пайызын құрайды.  Бұған түбегейлі тосқауыл қоймаса, болмайды. Елдегі сыбайлас жемқорлық көріністерімен күрестің күшейтілуі де сондықтан. Биылғы жылғы сәуірдің 22-сінде қабылданған «Қазақстан Республикасында қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және құқық қорғау қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі қосымша шаралар туралы» Елбасы Жарлығына сәйкес енді сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы қарамағындағы қызметкерлер бұзса, онда мемлекеттік органның басшысы да жауап беруі керек. Бұл, бір жағынан, дұрыс та. Өйткені мекемедегі барлық іс көбіне басшының көз алдында өтіп жатады. Негізгі құжаттарға қол қоятын да сол. Екінші жағынан, әрине, ешкімнің жазықсыз жазаланбауы да қажет-ақ. Осы орайда заңбұзушылықтың алдын алуға көбірек мән беру керек. Тәртіптік кеңестің де мақсаты - біреуді міндетті түрде жазалау емес, тәрбиелік бағытта жұмыстар атқару. Айталық, заңбұзушылықтың алдын алу бағытында биылдың өзінде аудандарда семинар-кеңес, дөңгелек үстел, конференция түрінде 46 шара өткізілді. Облыстық мекемелерде басқарма күні ұйымдастырылса, аудандарда тұрғындар жеке мәселелері бойынша қабылданады.

  - Мемлекеттік қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттыру көптен сөз болып келеді. Бұл бағытта қандай жұмыстар тындырылуда?

  - Әр үміткер мемлекеттік қызметке орналасу үшін заңдарды білу мақсатында сынақтан өтеді және әр үш жылдан кейін келетін кезекті аттестация тағы бар. Мұның өзі сол қызметкердің құқықтық жағынан сауатты болуына әжептәуір жәрдемдеседі. Дегенмен өмір бір орнында тұрмайды, заң да өзгеріп жатады. Сондықтан, меніңше, құқықтық оқу әр мекемеде бекітілген жоспарға сәйкес ұйымдастырылуы керек және оған бірінші басшы жауап беруі тиіс. Мемлекеттік қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттыру мәселесі облыста өз деңгейінде деп айту қиын, негізі мұны қадағалайтын және әдістемелік көмек көрсететін орган да бар. Әрине облыста, әр ауданда мемлекеттік сатып алу заңына байланысты түрлі басқосу-жиындар жиі өткізілсе, осыншама заңбұзушылыққа жол берілмес еді деп ойлаймын.

  - Тәртіптік кеңес отырыстарында басқа қандай мәселелер жиі қаралады, мұның пәрменділігі қандай, биыл жыл басынан бері қанша адамға тәртіптік жаза қолданылды?

   - Екінші көп кездесетін заңбұзушылық - заңды және жеке тұлғалар арыз-шағымдарын қарау мерзімінің сақталмауы немесе мүлде жауап берілмеуі. Бұл екі жағдай да лауазымды тұлғалардың өз міндетіне немқұрайлы қарап, жауапкершілікті жете сезінбеуінен туындап жатады. Әйтпесе олар тегіс жерден сүрінбес еді.

Биыл жыл басынан бері өңірде 63 тәртіптік іс қаралса, соның 47-сі бойынша тәртіптік шара қолданылсын деген ұсыныс жасалды. Ал 5 тәртіптік іс мүлдем тоқтатылды. Мұны нақтылап отырған себебім, облыстық тәртіптік кеңес төрағасы ретінде қай шешімнің де әділ болғаны үлкен абырой деп есептеймін. Өйткені әр тәртіптік істің артында адам тағдыры, оның болашағы және ар-намысы тұр. Мысал ретінде тәртіптік кеңестің соңғы отырысында қаралған облыстық жол полициясы басқармасының бастығы мен оның екі қызметкеріне қатысты істі айтуға болады. Облыстық тәртіптік кеңес хатшылығы және тәртіптік кеңес мүшелері істі жан-жақты қарап, қызу талқылай келе, бұл жерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама бұзылмаған деп тапты. Бұл дұрыс та әділ шешім болды деп есептеймін.

Түптеп келгенде, мемлекетіміздің іргесі мықты болуы үшін заңдардың орынсыз бұзылуына жол бермеу біздің басты мақсатымыз болып қала бермек.

Соңғы жаңалықтар