Қазіргі жағдайда тек шынайы ақпарат адастырмайды – Мырзахмет Темірбеков

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысы, Отырар ауданының құрметті азаматы Мырзахмет Темірбеков еліміздегі науқастар санының күрт көбейіп кетекеніне алаңдап отырғанын айтады. Ел ағасы соңғы кезде ғаламтор беттері мен әлеуметтік желілер қаралы хабар мен көңіл айтуға толып кеткенін алға тартып, көпшілікті карантин тәртібін сақтауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта біздің еліміз ғана емес, көптеген алыс-жақын көрші мемлекеттер де қиын қыстау кезеңде өмір сүріп жатыр. Оған себеп, алдымен, коронавирус инфекциясының таралуы және көптеген адамдардың ауру қаупін көзге ілмей, карантин талаптарын дұрыс сақтамауы деп ойлаймын. Одан бөлек, «жығылған үстіне – жұдырық» дегендей, бүгінде өңірімізде тұмау жұқтырғандардың саны күннен-күнге артып, өлім-жітім шамадан тыс көбейіп кетті. Ғаламтор бетері мен әлеуметтік желілерді аша қалсаңыз, бірінен соң бірі жетіп жатқан қаралы хабар, көңіл айту... «Ауру адам таңдамайды» деген сөздің мәнін терең түсініп жатырмыз. Небір атпалдай азаматтар өмірден озуда. Әлбетте, мұның барлығы кімнің болмасын қабырғасын қайыстырып, көңілін құлазытады»,- дейді ел ағасы.

Мырзахмет Темірбеков бұл ретте жұртшылықты мемлекет тарапынан қабылданып жатқан барлық шараларды дұрысынан түсініп, жағдайдың күрделілігіне байланысты созылып жатқан карантин режимінің талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Тек шынайы ақпарат көздеріне сену керектігін атап өтті.

«Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тарап жатқан жалған ақпараттарға сенбегеніміз абзал. «Өтіріктің арты бір-ақ тұтам» - дейді. Ол сөздің жаны бар екенін көрінеу ақпарат таратып, ел арасында байбалам тууына себепкер болып, артынан тиісті жазасын алып жатқан жерлестеріміздің жағдайынан анық аңғаруға болады. Құрметті, қазақ елі, барынша сабырлы болып, әр ісімізді сауатты түрде жасайық. Өзімізбен қатар өзгенің өміріне де қиянат жасап алмайық. Әр адам өзінен бастауы және тәртіпке бағынып, бірлігі бар жұрттың тірлігін жасауы қажет. Сонда ғана кез келген қамалды бұзып өтер күшке ие боламыз! Басты байлық – денсаулықтан қол үзіп қалмайық»,- дейді Отырар ауданының құрметті азаматы.

Еске салайық, Қазақстанда коронавирусқа қатысты эпидемиологиялық ахуалдың өршуіне байланысты биылғы 5 шілдеден бастап 14 күнге қатаң шектеу шаралары енгізіледі.
Соңғы жаңалықтар