Қазіргі Мәжіліс депутаттары праймеризге өзге үміткерлермен қатар бәсекеге түседі – Әлібек Әлденей

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін «Nur Otan» партиясының праймеризіне қатысатын 11 мыңға жуық кандидат үгіт-насихат науқанын бастады. Осы ретте, партия хатшысы Әлібек Әлденей қоғамда туындап жатқан сауалдарға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін «Nur Otan» партиясының праймеризіне қатысушылардың үгіт-насихат кезеңі басталады. Оған 11 мыңға жуық үміткер қатысады. Бәсеке тартысты да қызықты болары анық. Бір орынға 4-тен 18 адамға дейін үміткер тіркелген. Бұл, азаматтардың қоғамдық белсенділігі мен елдің саяси өміріне бей-жай қарамайтындығының көрінісі екені айқын», - деп жазды Facebook-те партия хатшысы Әлібек Әлденей.

«Nur Otan» хатшысы атап өткендей, қазіргі таңда әлеуметтік желіде праймериздің өту барысы қызу талқылануда. Осы орайда, ол қоғамда туындаған сауалдарға жауап берді.

«Бірінші. «Nur Otan»-ның праймеризі – партияның жарнамасы үшін жасалып жатыр» деген пікір бар. Мұны жаңсақ пікір дер едім. Бұл – партияішілік демократияның әлемде әбден мойындалып, танылған саяси механизмі. Қазақстанда праймериз жаңаша форматта әрі республика көлемінде тұңғыш рет өткізіліп жатыр. Біздің басты мақсатымыз – қоғамдағы әртүрлі әлеуметтік топтардың мүддесін қорғайтын, беделді де білікті көшбасшыларды бәсекелі ортада іріктеп, партиялық тізім жасау.

Праймериз – саяси инновация ретінде партияішілік іріктеудің нақты механизміне айналады. Бұл әрине, келешекте де келесі электоралды кезең алдында праймеризге қатысу үшін депутаттардың белсенділігін арттыруға, қоғам алдындағы жауапкершілікті терең сезінуге үндеп, олардың саяси бедел-абыройын, жеке қарым-қабілеттерін нығайтуға ынталандыратын бәсекелік ұстанымдарды қалыптастырары сөзсіз.

Екінші. «Nur Otan» партиясынан сайланған қазіргі Мәжіліс депутаттары неге праймеризге қатыспайды?» деген сауал бар. Түсіндірейін. Праймеризге қатысушы үміткерлер Мәжіліс депутаттығына кандидаттардың партиялық тізіміне ену үшін үш түрлі іріктеуден өтеді. Алдымен, жергілікті жерде тікелей құпия рейтингілік дауыс беру ұйымдастырылады. Содан кейін, аудандық және облыстық конференцияларда сыналады. Барлық жерде дебаттар өтуі міндетті. Бұл – жария саясаттың объективті талаптары. «Nur Otan»-ның партиялық тізіміне қайта енгісі келетін қазіргі Мәжіліс депутаттары да осындай дебаттарға қатысуы тиіс. Алайда олар тек соңғы кезеңде, яғни облыстық немесе қалалық (Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында) конференцияларға қатысады. Бұл – қазіргі Мәжіліс депутаттарында алдыңғы электоралды бэкграундтың болуымен байланысты. Дегенмен, олар қалайда праймеризге қатысушы өзге де үміткерлермен қатар бәсекеге түсетін болады.

Үшінші. Қазақстанда дамыған азаматтық қоғам мен ашық пікірталастың жоқтығын меңзейтін пікірлер бар. Мұнымен де келіспеймін. Праймериз – елімізде қордаланған өзекті мәселелерді жан-жақты талқылауға зор мүмкіндік беретіні анық. Тиімді шешу жолдарын ұсына отырып, біз барлық мәселелер жөнінде ашық айтып, талқыға саламыз. Бүгінде праймеризге қатысушы 11 мыңға жуық үміткердің жас ерекшеліктері де, мамандықтары да әртүрлі. Олардың әрқайсысы өзіндік көзқарасы, тәжірибесі мен ұстанымы қалыптасқан азаматтар. Біз алдағы уақытта тәжірибе жүзінде пікірлер плюрализмінің ауқымды бағытын көретін боламыз деген сенімдемін.

Төртінші. Партиялық тізімге кіру квотасына қатысты әлі де түрлі сауалдар туындап жатыр. Сол сұрақтардың барлығына жауаптар Ережеде нақты жазылған. Праймериз жеңімпаздарынан 70% мәслихаттардың, 50% Мәжілістің «Nur Otan»-ның партиялық тізіміне кіретін болады. Қалған орындар орталық пен аймақтардағы партияның жетекші органдары мақұлдаған кандидаттар арасында квота бойынша бөлінеді. Бұл – бастапқы кезде белгіленген партияішілік шешім.

Партиялық тізімді жасақтауда мұндай квоталар биліктің өкілетті органдарының жұмысындағы сабақтастықты сақтауға бағытталған стратегиялық мәнге ие. Ол бюджеттік үдерістерді сараптай білетін, заң шығару жұмысында тәжірибесі бар, білікті саясаткерлерді тізімге тікелей қосуға мүмкіндік береді.

Бесінші. Қазақстандық танымал азаматтардың праймеризге қатысуына байланысты «Бұл – «Nur Otan»-ның электоралдық тартымдылығын арттыру үшін арнайы жоспарланған қадам» деген де пікірлер айтылып жүр. Сондай-ақ, саясатта тәжірибесі жоқ, қарапайым азаматтардың праймеризге қатысып жатқанына да сын айтушылар бар.

Алайда, праймеризге қатысушы үміткерлер арасында танымал азаматтар көп емес. Сапалық құрамға келсек, үміткерлердің 72%-ы өзін-өзі ұсынғандар. Олардың басым бөлігі – білім және ғылым саласының мамандары (31%), шағын және орта кәсіп иелері (14%), мәдениет пен спорт (8%), қызмет көрсету (7%) және ауылшаруашылығы мен денсаулық сақтау саласының (6%-дан) өкілдері. Сондай-ақ, әйелдер – 36,9%, 35 жасқа дейінгі жастар – 29,6% құрайды. Үміткерлердің орта жасы – 43. Праймериздің қазақстандық үлгісі барлық үміткерлер үшін партияішілік іріктеуге қатысуға теңдей мүмкіндік туғызып отыр.

Алтыншы. «Nur Otan» партиясы праймеризбен ғана айналысып, ел дамуына кешенді, бағдарламалық деңгейде жұмыс істеп жатқан жоқ» деген де пікір айтылды.

Керісінше, Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауына біз тұңғыш рет әрбір қала, облыс, ауданға қатысты сайлауалды ауқымды бағдарламалармен қатысқалы жатырмыз. Мысалы, онда «ауданда қанша шақырым жол салынады, ауылда қашан жаңа мектеп салынғалы жатыр немесе балалар бақшасы қашан жөндеуден өтеді?» т.б. деген нақты шешімдер көрсетіледі. Бүгін, 7 қыркүйекте, праймериз барысында талқылау үшін 216 жоба жарияланды. Талқылаудан кейін олар ұсыныстарды ескере отырып толықтырылады.

Алда – праймериздің ең қызықты да, тартысқа толы үгіт-насихат кезеңі. Праймеризге қатысушы азаматтарға сәттілік тілеймін!», - деп жазды Ә.Әлденей.


Соңғы жаңалықтар