Қазіргі Конституциямыз бірнеше өзгерістерден өтті - Болысбек Батталханов

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы Ұлттық кітапханада ҚР Конституциясы күніне арналған дөңгелек үстел өтті. Онда Ата Заңның қазақстандықтар өмірінде алатын рөлі туралы талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Ата Заңның түп негізі Тәуке ханның жеті жарғысынан бастау алады. Кеңес Одағы тұсындағы Конституциядан кейін тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда 1993 жылы және 1995 жылы жалпыхалықтық референдумда қабылданған екі конституция болғаны мәлім. 

ҚР Халық Ассамблеясынан сайланған Парламент Мәжілісінің депутаты Ахмет Мурадов Конституция қазақстандықтарды ғана емес, азаматтардың өзі де Ата Заң талаптарын орындай отырып, оны қорғауға тиістігін айтты. 

«Парламенттен өтетін кез келген заң Конституцияға қайшы келмеуі керек. Ол әбден сәйкестік сараптамасынан өтпейінше қабылданбайды. Резонансты заңдарды ҚР Конституциялық кеңесі тексереді. Оның құрамында тәжірибелі заңгерлер мен білікті сарапшылар бар. Заңның дұрыс-бұрыстығы мәжілісте талқыға түседі. Егер жаңа заң Президент пен Парламент шешімімен бекітілсе, Конституция талаптарына сай келеді деген сөз. Себебі талданып, таразыдан өткен. Оны орындау - міндет. Бұл тұрғыда кейбір тапсырмалар ҚР Халық Ассамблеясының міндетіне жүктелген. Біз заңға құлақ асатын қоғамды тәрбиелесек, еліміздің басты мақсаты - халық бірлігін сақтай аламыз»,-деді Ахмет Мурадов. 

Д.А.Қонаев атындағы Еуразия Заң Академиясының кафедра меңгерушісі Болысбек Батталханов Конституцияға енгізілетін соңғы өзгерістер туралы пікір білдірді. 

«Қазіргі Конституциямыз бірнеше өзгерістерден өтті. 2017 жылдың ақпанында үлкен өзгерістер болды. Ондағы жаңартуларға келер болсақ, тек кейбір баптар ғана өзгеріске ұшырайды. Себебі өмір бір орында тұрмайды. Дүниежүзіндегі өзге де мемлекеттермен қарым-қатынас жасағандықтан, оларға байланысты жаңалықтар енгізіледі. Алайда Ата Заңның негізгі баптарына бұл әсер етпейді», - деді ғалым.

Соңғы жаңалықтар