Қазіргі қоғамда бір саланың ғана кәсіби маманы болу жеткіліксіз – Мейрам Жұмағұлов

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жолыңда кездескен еш қиындыққа қарамастан алға қойған мақсатыңа ұмтылу қажет. Бұл – жолында сан мәрте кездескен өмірлік тосқауылды еңсеріп, мақсатына қарай сенімді қадам басып келе жатқан Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі Мейрам Жұмағұловтың басты ұстанымы. Аталған резервке іріктеліп өтуі де оның құзіреттілігін дәлелдеп, кәсіби әрі мансап жолында жоғарылауына септігін тигізетін тамаша біліктілігі мен дағдысын паш ете түсті. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген Мейрам Жұмағұлов кадрлық резервтің басымдығы жайында сөз қозғап, қазіргі әлемде жастар қандай дағдыны дамыту қажеттігіне қатысты ойымен бөлісті.

Мейрам Темірболатұлының Сыртқы істер министрлігінде қызмет етіп жүргеніне 12 жылдан асты. Осы аралықта ол еңбек жолын референт қызметінен бастап, Халықаралық-құқықтық департаменттің басқарма басшысы лауазымына дейін жоғарылады. 2017 жылы Ашхабатқа ұзақмерзімді шетелдік іс-сапарға жіберілді. Қазақстанның Түрікменстандағы Елшілігінде қызмет етіп жүріп, Отанында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жас басқарушылар пулын құру жөніндегі ауқымды жобаның іске қосылғаны туралы хабарды естіді. Туған елінен жырақта жүрсе де Президенттік жастар кадрлық резерві конкурсына қашықтан қатысуға мүмкіндік бар екенін білген кейіпкеріміз бағын сынап көруге шешім қабылдады. Онлайн режимде конкурстың бірнеше кезеңін сәтті еңсерген ол іріктеудің соңғы сатысына қатысу үшін елге оралды. Соңғы сынақтан да сүрінбей, біліктілік таныта білген Мейрам Жұмағұлов Президент айтпақшы «өзгерістер агенттерінің» бірі ретінде резервке алынған 300 жастың қатарына қосылды.

«Бірнеше сатыдан тұратын сынақтан сәтті өткен кез келген адам сияқты мен де қатты қуанып, жұмсалған күш-жігерге, уақыт пен дайындыққа деген қанағаттанушылық сезім кеудемді кернеді. Сонымен қатар мүмкіндіктердің жаңа терезесі ашылатыны, оның көмегімен көптеген пайдалы идеялар мен жобаларды жүзеге асыруға болатыны жайлы ой келді. Сол бір ерекше күнде жүрегімде еліңе, халқыңа іс жүзінде пайда әкелуге деген ұмтылыс болды», - деп еске алады ол.

Резервке іріктеуден сәтті өткен Мейрам Жұмағұлов СІМ басшылығының шешімімен Қазақстанның Түрікменстандағы Елшілігінің кеңесшісі лауазымына дейін жоғарылады. Осыған орай, жаңа лауазымында өкілеттік саласына саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерінен бөлек, ақпараттық-имидждік және мәдени-гуманитарлық мәселелер де қосылды. Біраз уақыт өткеннен кейін резервші еліміздің сыртқы саяси ведомствосының орталық аппаратында еңбек ету, Президенттік резерв бастамаларын жүзеге асыруға белсене қатысу үшін Қазақстанға оралды. СІМ басшылығымен әңгімелесуді сәтті өткізген Мейрам Жұмағұлов Халықаралық-құқықтық департаменттің Мемлекеттік шекара басқармасына басшы болып тағайындалды.

«Біздің құрылымдық бөлімше мемлекетаралық шекараны халықаралық-құқықтық рәсімдеу бойынша шекаралас елдермен келіссөздерді ұйымдастырумен айналысады. Бұл жұмыс Қазақстан сыртқы саясатының маңызды стратегиялық бағыттарының бірі саналады. Өйткені, дипломатиялық құралдар арқылы еліміздің егемендігін, қауіпсіздігін, аумақтық тұтастығы мен шекарасының мызғымастығын қамтамасыз етеді. Мемлекеттік шекараны заңды түрде рәсімдеу процесі делимитация мен демаркацияны қамтиды. Демаркация шекаралық белгілерді орнату арқылы жергілікті жердің шекарасын белгілеу дегенді білдіреді. Бүгінде Қазақстан шекарасының бүкіл периметрінде делимитациялау толықтай аяқталған. Осылайша, еліміз посткеңестік кеңістікте мемлекеттік шекараны халықаралық мойындалған заңды түрде рәсімдеуді сәтті аяқтаған алғашқы мемлекеттердің біріне айналды және көршілерімен аумақтық дау-дамайы жоқ», - деді Мейрам Темірболатұлы.

Кадрлық резерв тақырыбына қайта тоқталған дипломаттың атап өтуінше, аталған жобаның негізгі басымдығының бірі – әртүрлі қызмет саласындағы өзге де жас кәсіби мамандармен танысу әрі ынтымақтастық. Сонымен қатар ол резервшілер қоғамдастығының ортасына түскен сәттен-ақ жастарымыздың қаншалықты өршіл, креативті әрі белсенді екенін анық сезінгенін айтады.

«Резерв аясында әңгімелесу тың идеялармен алмасып, тәжірибе мен білім жинақтауыңа, сонымен қатар жобаларды жүзеге асыру үшін қуат алуға септігін тигізеді. Мәселен, қазіргі уақытта бір идея төңірегіне топтасқан командаластарыммен Қазақстан визасын рәсімдеу бойынша мемлекеттік қызметті цифрландыру жөніндегі жобаны іске қосуға дайындап жатырмыз. Айта кетерлігі, резервшілер қоғамдастығында дүниетанымы мен тәжірибесі әртүрлі адамдардың болуы барынша жемісті пікірталасқа сеп болып, оның барысында кез келген мәселе өзгеше, тіпті мүмкін еместей көрінетін көзқарас тұрғысынан қаралуы ықтимал», - деді ол.

Оның атап өтуінше, кадрлық резервтің тағы бір ұтымды тұсы резервшілердің орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың бірінші басшыларымен кездесулер сериясын ұйымдастыруы болды. Кездесулер барысында Президенттік резерв мүшелері өзекті мәселелерді көтеріп, оларды шешуге қатысты өз ойларын білдіріп қана қоймай, нақты шешу жолдарын да ұсына алды. Сонымен қатар өзекті жобалар бойынша бастама көтеруге де мүмкіндіктері болды.

«Жоғары буын басшыларының мұндай кездесулерге уақыт тауып, кез келген кезде ашық сұхбаттасуға, оңтайлы иделарды одан ары жүзеге асыру үшін қарастыруға дайын болғаны қуантады. Резервшілер тарапынан айтылған бастамалар жоғары мемлекеттік шенеуніктер тарапынан жиі оң пікірге әрі қолдауға ие болды», - деді дипломат.

Сонымен қатар Мейрам Жұмағаұлов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы қазақстандық жастар үшін шынайы әлеуметтік лифт болғанын айтады.

«Қазірдің өзінде резервшілер сапына алынған жастардың жоғары мемлекеттік лауазымдарға тағайындалып жатқанын байқап отырмыз. Олар сол лауазымда «өзгерістер агенттері» атақтарын ақтай отырып, ойлаған дүниелерін шынайы іске асыруға кірісіп те кетті. Сондықтан қазіргі уақытта кадрлық резерв өзінің тиімділігін көрсете бастады деп нық сеніммен айтуға болады. Болашақ жастардың қолында. Өйткені, бүгінгі жастар біраз уақыт өткеннен кейін барша қазақстандықтың өміріне ықпал ететін тағдыршешті шешімдер қабылдайтын еліміздің тұлғаларына айналады. Және де бүгінгі жастарымыз қандай болса, ертең қандай елде өмір сүретініміз соған байланысты болмақ», - деді Мейрам Темірболатұлы.

Осы орайда дипломат өмірін сыртқы саясатпен байланыстыруды армандайтын жастарға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Беласу: Дипломатиялық очерктер» кітабын оқуға кеңес береді.

«Бұл кітапта бірінші тұлға атынан заманауи Қазақстанның шет мемлекеттермен халықаралық қарым-қатынас орнату тарихы сипатталады. Сонымен қатар кітапта шетелдік танымал саяси қайраткерлердің жарқын бейнелері қамтылған. Бұл шығарма болашақ дипломаттар үшін дипломатиялық қызметтің ерекшеліктері жайлы тамаша ой түюге жол ашады», - деді ол.

Сөз соңында Мейрам Жұмағаұлов барша Қазақстан халқын алда келе жатқан Наурыз мейрамымен құттықтап, изгі тілегін білдірді.

«Осы мүмкіндікті пайдаланып, әлемдегі ең ежелгі мерекелердің бірі ретінде мойындалған және ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра тізіміне енген Наурыз мейрамымен барша қазақстандықты құттықтауға рұқсат етсеңіз. Айта кетерлігі, Наурыз халықаралық мейрамы Жер шарының ондаған мемлекетінде кеңінен атап өтіледі. Табиғаттың жаңаруы мен жаңа өмірлік циклдің бастауына айналған осынау жарқын мейрам барша отандасымыздың жүрегіне көктемгі көңіл-күй, махаббат сыйлап, жеке, сонымен қатар мемлекетіміз бен халқымыздың табыстарға жетуіне сеп болатын ізгілікке толы қайырымды істерге, игі бастамаларға шабыттандырсын! Наурыз әр шаңыраққа молшылық пен береке-бірлік ұялатсын! Баршаңызға бақыт пен байлық, мықты денсаулық пен өркендеу тілеймін! Наурыз құтты болсын!», - дейді Мейрам Темірболатұлы.


Соңғы жаңалықтар