Қазіргі қиын жағдайда ауызбіршілік танытуымыз керек - Амангелді Кеңшілікұлы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сыншы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Амангелді Кеңшілікұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесіне орай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта тек қазақ халқы емес, бүкіл әлем жұртшылығы кенеттен пайда болған індетпен күресіп жатыр. Әрине, осыған байланысты түрлі пікірлер, сараптамалар, болжамдар жасалуда. Бірақ бұл саяси не басқа да бір жағдайларға байланысты емес, тосыннан пайда болған індет. Одан адамзат бірігіп құтылмаса, әлем үшін індеттің алдын алу қиын болады. Мәселен, қазіргі уақытта АҚШ 6 трлн. доллар, Германия миллиардтаған еуро бөліп жатыр. Осы ретте кешегі Мемлекет басшысының да еліміздегі азаматтарға қаржылай қолдау көрсетілетіндігін айтқаны қуантады. Жалпы осы уақытқа дейін елімізде ресми жұмыс істеп, бірақ жұмысынан айырылғандарға көмек көрсетілсе, енді жалпы жұмыссыз азаматтардың барлығына қаржылай көмек көрсетілмек. Бұл, меніңше, азаматтарымыз үшін үлкен қолдау, көмек болады», - деді ол.

Оның атап өтуінше, бұл індетті тезірек жоятын болсақ, соғұрлым еліміздің экономикасы жылдам қалпына келіп, өмір тыныс-тіршілігі өз арнасы түседі.

«Бұл орайда Мемлекет басшысының айтқан сөзі, мемлекет тарапынан жасап жатқан қолдауы үлкен көмек. Әрине, қазіргі уақытта біз тек мемлекетке ғана арқа сүйеп қоймай, бизнесмендер, қалталы азаматтар мүмкіндігінше мұқтаж адамдарға көмек көрсетсе, нұр үстіне нұр болар еді. Дәл қазіргі қиын, қысылтаяң, ауыр уақытта өзім жақсы көретін қазақ ұлтын, халқымызды сабырлыққа шақырамын. Біз кеше нәубат заманды басымыздан кешірдік. 3 миллионнан астам қазақ қырылып қалды. Соғыс кезінде, қуғын-сүргін кезінде қаншама қазақ қырылды. Қазіргі уақытта бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ауызбіршілік танытуымыз керек», - деді Амангелді Кеңшілікұлы.

Сыншы індет күшейген сайын онымен күрес те қиындай түсетіндігін баса айтта келе, әрбір азамат отбасының, халықтың алдындағы жауапкершілікті терең сезінуі керектігіне баса назар аудартты.

«Әрқайсымыз өз отбасымызға індет жұқтырмауды, аман алып қалуды ойлауымыз керек. Отбасы мүшесінің бірі ауырса, дереу дәрігерге қаралған жөн. Айталық, кеше Қызылорда облысында тұтас бір отбасы осы індетпен ауырған екен. Сондықтан барша Қазақстан халқынан жауапкершілікпен қарап, тазалықты ұстанып, індеттен сақтануды өтінемін,» - деді ол.

Айта кетейік, кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық телеарналар эфирінен мәлімдеме жасаған болатын.
Соңғы жаңалықтар