Қазіргі кезде қаржы нарығындағы жағдай жақсарып, ел экономикасы біршама «тіріле» бастады - Б. Тәжіяқов

None
None
АСТАНА. Қыркүйектің 22-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазіргі кезде қаржы нарығындағы жағдай жақсарып, ел экономикасы біршама «тіріле» бастады.

 Бүгін ҚР Парламенті Сенаты Қаржы және бюджет комитетіндегі кездесу барысында ҚР Ұлттық Банкі төрағасының орынбасары Бисенғали Тәжіяқов осылай мәлім етті,  деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ұлттық банк Үкіметпен бірлесе отырып, республикамыздың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған бірінші кезектегі жоспарларды  жүзеге асырып келеді. Осы мақсаттағы жоспарға Ұлттық қордан 10 млрд. доллар шамасында қаражат бөлінгені де белгілі. Бұл қаражаттар негізгі бес бағыт бойынша: қаржы секторын тұрақтандыруға, жылжымайтын мүлік нарығындағы проблемаларды шешуге, шағын және орта бизнесті қолдауға, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға және инновациялық-индустриалдық инфрақұрылымды дамытуға жұмсалуда. Жалпы, ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдық қорытындысына қарасақ, бұндай әрекеттер оң әсер берген. Бүгінгі күні еліміздің экономикасы біршама «тіріле» бастады», деді Б. Тәжіяқов.

Оның айтуынша, қазіргі күні қаржы нарығындағы жағдай да қалыпқа түсіп келеді. Мәселен, еліміздегі  қаңтар-шілде айларында ақша массасы 12,7 пайызды құрап, 7,1 трлн. теңгеге жеткен. Банк жүйесіндегі резиденттердің депозиттері 16,7 пайызға артып, 6,3 трлн. теңгені құраған. Бұнымен қоса, жеке тұлғалардың салымдары 1,3 трлн. теңгеге жеткен. «Бұл көрсеткіштердің барлығы жұртшылықтың банк жүйесіне сенімі сақталып тұрғандығын, осы жүйедегі экономиканың ақша массасы қалыпты жағдайда екендігін білдіреді. Экономиканы несиелеу жыл басынан бері нақты секторда 8,3 пайызға артып, 8,1 трлн. теңгені құрады», деді төраға орынбасары.  

Соңғы жаңалықтар