Қазіргі Қазақстан қай саланы да халықаралық стандарттарға сәйкес дамытатын мүмкіндіктерге ие -Ә. Кекілбай

None
None
АСТАНА. Қазанның 20-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  -   Қазіргі Қазақстан қай саланы да халықаралық стандарттарға сәйкес дамытатын мүмкіндіктерге ие.

Бүгін Астанада бой көтерген  «Қазақ елі» монументінің ашылу салтанаты барысында сөз сөйлеген Қазақстанның халық жазушысы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әбіш Кекілбай осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ЕҚЫҰ секілді беделді ұйымға төрағалық жасау жөніндегі жаңа халықаралық мәртебе оза дамыған елдер санатына қосылу үдерісімізді жеделдете түседі дегенге сенім мол. Біздің осы заманғы ұлттық даму арнасы мен әлеуметтік әділет, ғылыми инновация, интеллектуалдық прогресс және демократия жолымен алға баса беретініміз даусыз», деді өз сөзінде Ә. Кекілбай.

Бұнымен қоса, жазушы Қазақстанның тәуелсіз тарихында атқарылған істердің өте мәнді екенін, ал енді атқарылатыны одан да маңызды екендігін атап өтті. Сондықтан да Ә. Кекілбай жеткен жеңістерді жемісті жалғастырып, тарихи сабақтастықты өркениетті жолмен одан әрі өрістете білу - осы заманғы ұлттың басты парызы болатынын айтты.

«Қазақстанның дәл осындай қазіргі заманғы мемлекет екендігіне күллі әлем куә. Осы мақсат жолында тарихтың талай қатал сынағын тайсалмай еңсеріп, тайынбай тәуекелге мінетін табанды күрескер, аса талантты саясатшы, тарлан көшбасшы Н. Назарбаевқа айтар алғысымыз, әрине айрықша болмақшы. Қаһармандыққа толы өткенімізді, жасампаздыққа толы бүгінімізді батыл бастамашылдыққа толы ертеңімізді бейнелейтін ақ мәрмәр монументтің орталық тұлғасы - Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті  Н. Назарбаевтың болуы әбден заңды. Тәуелсіздіктің қуанышымын келген шат-шадыман ағайынның асқақ көңілі алып Самұрықтай аспанға самғайды. Әлем сахнасында өз Конституциямызды қабылдап көтерген күнімізді еске түсіреді. Бұл ел жолында жүк қалдырмас ерлікке ескерткіш. Бұл абзал армандар мен асыл мұраттарға қанат бітіре алатын дархан елдікке ескерткіш. Бабалар аманатын орындаған, ардақты ұлын аялаған халықтық махаббаттың ескерткіші. Жасампаз халық, жаңашыл қауым екенімізге, ел жолындағы еңбекті әділ әспеттей білетінімізбен сендіреміз. Намысына бекем, мұратына адал Қазақ елі құлпырып көркейе бергей», деді Ә. Кекілбай. 

Соңғы жаңалықтар