Қазіргі қазақ терминологиясы саласында 70-80 пайызға дейінгі терминдер орыс тілімен сәйкес келеді

None
None
АСТАНА. 17 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазіргі қазақ терминологиясы саласында 70-80 пайызға дейінгі терминдер орыс тілімен сәйкес келеді. Астанада «Түркітілдес елдердің терминқор қалыптастыру тәжірибесі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция барысында «Түркі тілдерінің терминжүйелерін тіларалық біріздендірудің бүгіні мен болашағы» тақырыбында баяндама жасаған Тіл комитетінің төрағасы Шерубай Құрманбайұлы осылай мәлім етті.

Комитет төрағасының айтуынша, лингвист ғалымдардың зерттеулері бойынша қазіргі заманда кез келген тілдің лексикалық қорын байытып отырған жаңа сөздердің 80 пайыздан астаным неонимдер, яғни жаңадан енген терминдер құрайды екен. «Біз ұлт тілінде термин жасайтын болсақ, өз тіліміздің табиғатын сақтай отырып, оны байытамыз. Керісінше, қай тілде көбірек сөз қабылдасақ сонымен жақындасамыз, онымен ортақтастығымыз да арта түседі деген сөз. Ендеше тарихи тамырлас, туыстас түркі тілдері бір-бірімізге жақындай беруге тиіспіз. Ғасырлар бойы жалғасын тауып келе жатқан тарихи сабақтастық сақталып, тілдерді жақындатуға ұмтылуға тиіспіз», - деді Ш. Құрманбайұлы.

Оның айтуынша, КСРО халықтарының құрамына кірген түркі халықтарының тілдерінде терминдік тіларалық біріздендіру осы халықтардың өз арасында емес, олардың әрқайсысының орыс тілімен арасында болды. «Дәлірек айтқанда КСРО құрамындағы түркі тілдерінің орыс тілдерімен ортақ терминдерін барынша ұлғайту мақсаты көзделіп, орыс тілі тарапынан түркі тіліне қатысты біржақты саясат жүргізілді. Орыс-қазақ, орыс-өзбек, орыс-әзірбайжан, орыс-түркімен, орыс-татар тілдері арасында термин алмасу жүргізіліп, аталған түркі тілдері негізінен орыс тілінен ғана термин қабылдаушы тілдер болып келді. Кеңес одағы тұсында орыс тілінен түркі тіліне алмасқан терминдер жүздеп-мыңдап саналса, түркі тілінен орыс тіліне алмасқан терминдер мүлдем мардымсыз болды», - дейді Ш. Құрманбайұлы.

Осыған орай, комитет төрағасы бүгінгі уақытта түркі тілдерінің өз ішіндегі сөз алмасу, термин алмасу мәселесінің маңызды екендігін атап өтті. «Қазіргі қазақ терминологиясының 70-80, кей салада 90 пайызға дейінгі терминдері орыс тілімен түгелдей сәйкес келеді. Сондықтан да, түркітілдес халықтарының тіларалық біріздендіру жұмысы бірнеше ел тілдерінің арасында жүзеге асып, ауқымды болуы шарт», - дейді Ш. Құрманбайұлы.

Соңғы жаңалықтар