Қазіргі экономикалық дағдарыс жағдайында БАҚ-тың басты міндеті - халықтың психологиялық әлеуетін көтеру - Ғ.Қожабек

None
None
АСТАНА. Желтоқсанның 4-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Қазіргі дағдарыс жағдайында қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының басты міндеті халықтың психологиялық әлеуетін көтеруге бағытталуы тиіс. Бұл пікірін бүгін Астанада «Қазақстандық БАҚ экономикалық дағдарыс жағдайында» тақырыбымен өткен ғылыми-практикалық конференцияда

 «Астана ақшамы» бас редакторының орынбасары Ғалым Қожабек білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі дағдарыс жағдайында халықтың келешекке сенімін көтеру -  қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының басты міндеті болуы тиіс деп ойлаймын. Әрине, барлық баспасөз дағдарыс проблемасын біржақты жазды деуге болмайды. Кейбір газеттер: «Дағдарыс келді. Бұл Қазақстан экономикасын тұралатып жібереді, халықтың тұрмыс-тірлігі күрт төмендейді», - деген қара аспанды жаудыратын мақалаларды беріп жатты. Менің ойымша, мұндай мазмұндағы материалдар дағдарыстың ауыртпалығын жеңілдете қоймайды. Есесіне, халықтың рухын, жалпы көңіл-күйін түсіруі әбден мүмкін», - деп атап өтті ол.

Ғ.Қожабектің айтуынша, Қазақстан дағдарыстан шығудың өзіндік моделін жасап, Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен қолға алынған нақтылы істердің нәтижесінде әлеуметтік-экономикалық құлдыраудан аман қалды. Ал Қазақстан экономикасының нағыз экономикалық құлдырауы 90-шы жылдардың басында өтіп кеткен.

«Бүгінде қазақ баспасөзінде қазіргі экономикалық дағдарыс жайында аз айтылып жүрген жоқ. Әсіресе, бұрынғы және қазіргі кезеңдерді салыстыру және талдау материалдары жеткілікті. Дегенмен, нақты кеңес беру, жекелеген адамдар мен кәсіпорындардың қазіргі кезеңдік тәжірибелерін көрсету, әрі насихаттау жағы жетіспейтін сияқты», - деп түйіндеді сөзін Ғ.Қожабек.

Соңғы жаңалықтар