Қазірге кездегі ең басты мәселе - мемлекетіміздің қауіпсіздігі - «Әкелер одағының» төрағасы

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Қазірге кездегі ең басты мәселе - мемлекетіміздің қауіпсіздігі. Мұндай пікірді «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мақсұтбек Айтмағанбет айтты, деп хабарлайды Қазақпарат тілшісі.

Спикердің сөзінше, ең алдымен міндетті түрде ауыл жастарымен жұмыс істеу керек.

«Президент білімге баса назар аударды. Міндетті түрде ауыл жастарымен, қазақ тілді жастармен жұмыс істеу керек деп ойлаймын. Біліммен қатар, тәрбие де қажет. Ауыл жастары мен қала жастарының проблемасы екеуі екі түрлі. Әлеуметтік жағынан қарайтын болсақ, өкінішке орай үлкен диспропорция бар. Кезінде бізде Өңірлік даму министрлігі болған. Соны бекер жауып тастады. Олар өңірлермен жұмыс істейтін еді»,- дейді Мақсұтбек Айтмағанбет.

Оның айтуынша, халыққа қазіргі таңда ең керегі – қауіпсіздікті сезіну.

«Қазірге кездегі ең басты мәселе - мемлекетіміздің қауіпсіздігі. Көріп отырғандай, өзге елдің қарулы күштеріне жүгініп отырмыз. Бұған мәжбүр болдық, онды енді түсініп, көзіміз жетіп отыр. Сондықтан, айтылған заттардың ең ауқымдысы - еліміздің қауіпсіздік органдарының реформасы. ҰҚК, Ұлттық ұлан , әскер, полиция толығымен мемлекетіміздің тәуелсіздігін қорғауға әрдайым дайын болуы керек. Саботаж болды. Сондықтан, бұл мәселе - ең өзекті мәселе. Әрбір қазақстандық өз қауіпсіздігін, отбасының қауіпсіздігін сезбесе, қауіпсіз елдерге кете бастайды. Осы мәселе маңызды, қалғандары шешіліп жатар», - деді «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Сонымен қатар, ол бейбіт шеруге шыққан адамдарды террористермен араластырмау керек екенін тілге тиек етті.

«Бейбіт шеруге шыққан адамдарды террористермен араластырмау керек. Оларды лаңкестер мен халыққа қарсы шыққан элементтер қолданып кетті. Қазір он мыңға жуық адам қамауға алынды деп жатыр. Солардың ішіндегі бейбіт шеруге шыққан адамдар да бар шығар, солар жазаға тартылып кетпесе екен. Ашық сот болу керек деп ойлаймын. Ал, террористерді әрине соттау керек», - дейді ол.

Мақсұтбек Айтмағанбет «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына қатысты ойын білдірді.

«Халықтың көкірегінде жүрген сауалдар мен ел ауызында талай уақыт айтылып жүрген нәрселерді Президенттың айтқанына ризамын. Барлық мәселелер бұдан былай тек қана ашық айтылып, ашық талқылануы керек. Қазақта «Халық айтса, қалт айтпайды» деген сөз бар, соны ұмытпайық. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы дұрыс. Бірақ, естігенді тез арада зерделеп, мәселені түсініп, нақты шешімдер қабылдануы қажет», - деді спикер.


Соңғы жаңалықтар