Қазір тек ішкі туризм ғана жанданады деген үміт бар – Рашида Шайкенова

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Қазақстан туристік қауымдастығы Алакөлмен шипажай курортты орындарға туристер ағыны артатынын болжап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Коронавирусқа қатысты ахуал біздің ахуалға да әсерін тигізбей қойған жоқ. Біз эпидахуалдың салдарын 2019 жылдың желтоқсанында-ақ сезіне бастадық. Туристік салада шағын және орта бизнес басым екені бәріне мәлім. Қазір туристік сала қайраңдап қалғанын жоғары деңгейде түсініп отыр», - деді онлайн баспасөз мәслихаты кезінде ҚР Туристік қауымдастығының директоры Рашида Шайкенова.

Оның айтуынша, қазір осындай ауыр күндерді әлемнің туристік индустриясы басынан кешіріп жатыр.

«Қазір тек ішкі туризм ғана жанданады деген үміт бар. Себебі, карантиннен зеріккен адамдар Қазақстан өз ішінде саяхаттауды ұйғарады деп үміттенеміз. Алайда, аса сенімді емеспіз. Себебі девальвация мен инфляция тұтынушылардың демалысқа деген қаражатын басқа жаққа жұмсауына ықпал ететіні сөзсіз. Алайда, Алакөл сияқты тағы басқа шипажайлық курортты орындарға, оңалту шараларына сұраныс болуы мүмкін», - деді Р.Шайкенова.

ҚР Бас санитарлық дәрігерінің қаулысында туристерге арналған ПТР тесті анықтамасын алу туралы тармақ бар.

«Бұл анықтаманың жарамдылығы 7 күн ғана. Ал адамдар 7 күннен артық уақыт демалуға барады. Осы жерде сұрақ туады. Демалысқа келген адамдар сол жерде тағы 7 күнге анықтама алуы керек пе? Бұл сұраққа жауап жоқ. Салалық өзгешеліктерге байланысты бұл қаулыға өзгеріс енгізу туралы Бас санитарлық дәрігерге ұсыныспен шықпақпын», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар