Қазір мені жеті айында шала туған бала болды дегенге ешкім сенбейді - экстремал атлет

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жалаң қолмен алты қатар кірпішті жалғыз ұрып сындыратын апайтөс жігіттің өнерін әлеуметтік желіден көріп бір таңғалсақ, оның жеті айлық кезінде шала туған, әлжуаз бала болғанын естіп екі таңғалдық. ҚазАқпарат тілшісі сұхбаттасқан кейіпкердің өмірі шытырманға толы қаһармандар туралы комикс сценариіне ұқсайды. Ерінбегеннің бәрі жәбірлейтін момын баланың атынан ат үркетін апайтөске айнала алатынына танымал дзюдошы, экстремал палуан, атлет Арман Сүлейменовтің өмір жолы куә.

- Бала кезімде әлжуаз болғам дедіңіз ғой. Әңгімені содан бастайықшы.

- Балалық шағым балдай тәтті өтті десем өтірік болар, көбіне әжемнің қолында өстім. Ақша тапшы кездер есімде көп қалыпты. Жазғы демалыстарда бірде кәрістерге, бірде орыстарға жалданып жұмыс істедік. Кішілеу күнімізде біреудің қазын бақсақ, есейе келе шөп шабу сияқты жұмыстарға араластық. Ақысына малдың қысқы азығын, болмаса 1-2 қап картоп береді. Сондай өмір шымыр етті деп ойлаймын. Әйтпесе 7 айымда шала туған екенмін. Салмағым 1,8 келі болыпты. Кішкене кезімде жиі ауыратынмын. Бірде әжем таспиқ берді. Алланың атын 99 рет қайталасаң, ауырғаны басылады дейтін. Айтқаны шын келді. Қолымнан таспиқты тастамайтын болдым.

Мектеп табалдырығын да аласалау болып аттадым. Бәрі жиі соқтығысатын. Қорғайтын ағам жоқ. Үйдің тұңғышы - өзіммін. Бірде үнемі маған тиісе беретін бір ірі денелі бала спорт залдан қуып жіберді. Қарсы келер қайратым жоқ, басым салбырап сыртқа шықтым. Ана баланың айызы қанбай қалса керек, соңымнан жүгіріп келіп, үстіме төне түсті. Сол кезде алғаш рет шын ашуланған шығармын. Өзін алып ұрып, жердегі кесек мұзбен ұрып тастадым. Сол кезде бірінші рет «мен де біреуді ұра алады екенмін» ғой деген ой келді.

– Балалық шағыңыз комикс кейіпкеріндей екен.

– Мүмкін. Әкемнің жұмыс іздеп кеткен кезі. Араша түсіп, намысымды қорғайтын әжем ғана. Соның бәрі жасық қылып тастаса керек. Тағы бірде футбол ойнауға барғанда балалар жекелеп, ойнатпай қуып жіберді. Қораға келіп жылап отырсам, әлгі үш баласы алдында ғана қуып жібергендерін ұмытып, ойнауға келіп тұр. Бәрі қораға кіріп болған кезде қолыма жинаулы тұрған саржан отынның біреуін алып, есікті іштен жауып, үшеуін сабадым-ай келіп. Өздері сексенінші жылғы балалар. Мен сексен үшінші жылғымын. Қорлықтары әбден өткен болып тұр ғой, қоянша шыңғырып, кешірім сұрағанша сабадым. Содан кейін өзімді-өзім қорғай алатынымды ұқтым.

- Ал спортқа қашан келіп жүрсіз?

– Бесінші сыныпта астананың іргесіндегі Рақымжан Қошқарбаев ауылына көштік. Ол кезде Романовка дейтін. Ол жерде күрес үйірмесі бар екен. Бірақ әкем жібермеді. «Сенен балуан шықпас, босқа мойныңды бұрап тастап жүрмесін» деп ұрсатын. Сонда да күреске әуестігімді тастай алмадым. Журнал, газеттен күрестің тәсілдері бейнеленген сурет болса кесіп алып, соны қайталауға тырысатынмын. 7 сыныпта жүргенімде 10-11 сыныптың балалары кейбір күрес тәсілдерін менен үйренуге келе бастады. Суретке қарап, соны ойша елестетіп, тәсілдер қолданатынмын. Соны тұстастарым ағаларына айтып барады екен. Олар келіп менен үйренетін.

Жоғары сыныптарда ауылдағы ең бұзық дегендердің ортасына кіре бастадым. Мектепте ақша жинау, арадағы дауларға төрелік айту менің мойныма өтті. Тоқсаныншы жылдар сондай еді ғой өзі. Полицияның есебіне алындық. Қысқасы, «бұзылып» кеттім. Бір күні медресеге кетуім керек деген шешімге келдім. Шешеме айтсам, таңғалады. Енді ойлап тұрсам, әжемнің кішкене күнімде берген тәрбиесі кейін де көп жамандықтан арашалап қалған екен. Медреседегілер «әзір қабылдамаймыз, мектеп бітіргесін кел» деп қоя берді. Ауылға келіп бұзықтыққа біржола бас қойдым. Ауылда одан басқа айналысатын ештеңе жоқ. Аулада турник болды. Қанша бұзылып жүрсем де одан ажыраған жоқпын. Шөпқорада өзім қолдан жасаған жаттығу құралдары бар еді. Жаз болса, темір көтеріп, құмқап ұрып, кермеден түспеймін. Алып күш иесі болғым келетін.

Бұл жүріс қашанға дейін жалғасты сонда?

– Мектеп бітірген соң бағым жанып, Еуразия универсиетінің тарих факультетіне кездейсоқ түсіп кеттім. Жатақханада үлкен курстың балалары келіп үстемдік көрсетпекші болады. Мен олармен тіл табысудың орнына күшіме жүгінемін. Қасымда Ағыбайдеген курстасым бірге тұрды. Сол мәселенің бәрі күшпен шешілмейтінін түсіндіріп, артық қайратты жаттығу алаңына жұмсауды ұсынды. Өзі де ықшам денелі болғанымен штанганы жатып көтеруден қала бойынша чемпион болған жігіт еді. Сол жігіттің арқасында темірмен біржола дос болдым.

Ең алғашқы бапкерім Нұрсұлтан Серікұлы деген кісі болды. Марқұм 4-5 жыл бұрын Меккеде жүріп қайтыс болып, сүйегі сол жақта қалды. Бірінші курста таза темірмен айналыстым да, екінші курста күреске бара бастадым. «Восток» спорт клубында Мәулет Құдайбергенұлы мен Мұратбек Олжабайұлы екеуінің тәрбиесінде болдым. Содан бесінші курсқа дейін күресіп, біраз нәтижелер көрсеттім. Жұмысқа кірген соң спорт қала бастады. Полицияда, арнайы жасақта командир де болдым. 2006-2008 жылдар аралығында шұғыл әрекет ету батальонында жұмыс істедім. Қазір ондай құрылым жоқ. Күресте алған қабілетім сол жұмыста көп пайдасын тигізді.

Кейін полициядан кетіп, жеке бизнесте жүрдім. Бұл кезде спорт мүлдем жайына қалды. 2009 жылы үйлендім, әке атандым. 2011 жылға қарай қатты салмақ қосып кеттім. Арасында жаттығуға барсам, бір досым «Сал бөксенің өзі болыпсың» деп қатты сөкті. Соның сөзі намысқа тиіп, қайта темір көтере бастадым.

Дұрыс байқасам, сізді үнемі намыс қамшылап жүретін сияқты...

– Иә, бірақ 2016 жылы күтпеген оқиға болды. Бір досымның фирмасында директор болып жұмыс істеп жүргенмін. Аяқ астынан бір көзім көрмей қалды. Біраздан соң басылды да. Қан қысымынан шығар деп ұмытып кеттім. Кейінен екінші көзім көрмей қалып жүрді. Оған да мән бермегенмін. Бір күні мұрнымнан қан кететін болды. Көлік айдап келе жатып ұйықтап кететін болдым. Сөйтіп жүргенде екі көзім түгел көрмей қалды. Біртіндеп бір көзім ашылғанда, көлікпен ауруханаға бардым. Ондағылар «Инсультпен қалай жалғыз өзің келіп жүрсің?» деп ұрсып жатыр. Тексерілсем, инсульт емес болып шықты. Көзді қарата бастадым. Одан да ақау шықпады. Ақыры басқа түгел магниттік-резонансты томографиялық тексеру жасаттық. Басымнан ғана 5-6 диагноз шықты. Ми қантамырының ақауы, гематома, остеохондроз деп кете береді. Дәрігерлер бұлардың бәрі туғаннан бар созылмалы аурулар екенін, толық жазылып кетпейтінімді, әрі отаға да келмейтінін айтты. Ал аман қалу үшін өмір салтын өзгерту керек екенін түсіндірді. Өмірімдегі екінші бір шешуші кезең сол болған шығар. Ойлап отырсам, біраз жасқа келген екенмін. Қасымда бала-шағам ғана бар. Басқа түк жоқ екен. Ертең өлсем, құдайға не деймін? Айналам үшін не істедім? Еліме, жеріме не бердім? Қандай із қалдырдым? Ең қорқыныштысы, ертең көз жұмсам, бір айдан кейін Арман деген адамның болғанын ешкім есіне алмауы мүмкін еді. Қазір де содан қорқамын.

Осылай санама зор төңкеріс, сілкініс жасап, талпынысымды арттырдым. Кәсіпке белсене кірістім. Соның арқасында бір жылдың ішінде баспаналы болдым. Құдай өмірді өзгертейін десе, оңай екен. 10 жыл жұмыс істеп қолым жетпеген пәтерді бір жылдың ішінде алдық. Әйтеуір, өмірден өтіп кетсем де, бала-шағамның баспанасы бар дейтін болдым.

«Жалынды жастар» ұйымын құратын кездеріңіз осы тұс шығар?

– Иә, енді қоғамға пайдалы істі қатар алып жүру керек деген ой келді. Осылайша ел ішіне шығып, ауылда «Жалынды жастар» деген ұйым аштық. Сол ұйым әлеуметтік бастамаларға мұрындық болып жүр. Жалғызілікті қариялардың ауласындағы қарын күреп, отынын әперу, мұқтаж жандарға көмектесу, мешіт салу сияқты қайырымды істерге атсалысамыз. Сол ұйым әлі осы бағыттан таймай келе жатыр. Жалғыз мен емес, жанымда сайдың тасындай мықты-мықты жігіттер бар.

Бірақ бұл да аз сияқты көрінді. «Қолымнан басқа не келуі мүмкін?» деп ойлап отырсам, спортым қалып барады екен. Instagram-нан атлеттердің өнеріне әуестігім ауып, жиі қарап жүретінмін. Сол желіде өзім жаттығуда үнемі ұшырасып жүретін орыстың жігіті неше түрлі қиын жаттығулар жасайды екен. Халықтың да назары ерекше екенін көрдім. Тағы бірде оны сөзге тартсам, «Оны меңгеру сенің жасыңда қиын болады. Менің өзім он жылдан астам айналысқанмын» деп жуытпады. Сол маған қамшы болды. «Өзгелер істегенді қазақ жігіттері неге істей алмауы керек?» деген ой келді. Ең әуелі шеге сатып алғаным есімде. Бір ай бойы қинала жүріп шеге майыстыруды меңгеріп алдым. Шегеден жасаған түйінді әлгі орыс жігітіне көрсетсем, «Неше минутта істедің?» деп сұрады. «20 минутта» десем, «Мен бір минутта 20 шегеден түйін түйемін» деп күледі. Одан бетер намыстандым. Атырауда Нұрбол деген палуан жігіт бар. Нағыз алып күштің иесі сол. Бірақ ол жасаған жаттығуларын әлеуметтік желіге салып, елдің алдына шыға бермейді. Сол жігіт Instagram арқылы менің таға майыстырып жүргенімді көріп, технологиясын көрсетіп берді. Сол жігітке ризамын. Алғаш бастағанда техникасын үйреткен жалғыз адам сол болды.

Көрсететін жаттығуларыңыздың ішінде өзіңіз үшін ең қиыны қайсысы?

- Біріншіден, шеге ием. Одан түйін түйіп, өрнектер июге болады. Бұл ең жеңіл түрі. Одан кейін диаметрі 12 миллиетр болатын болат шыбықтарды иіп, түйін түйемін. Басқаша айтсақ, 160 келіні көтеретін шыбықтарды майыстыра аламын. Үлкен арматуралардан галстук иемін. Сол арматураларды тіске қысып қойып ием. 1000 беттік журналдарды жырта аламын. «Грелканы» екі қабаттап қойып үрлеп жарам.

6 қатар кірпішті жалаң қолмен ұрып сындырамын. Ең қиыны осы. Қазақстан бойынша мұны қайталаған адам жоқ. ТМД бойыншада кездестірген жоқпын. Менің кірпіш деп отырғаным кәдімгі құрылысқа арналған қызыл кірпіш. Әйтпесе шығыс жекпе-жегінің түрлерін насихаттау үшін құрамы түсініксіз кірпіштерді қатар-қатар қойып сындыратындар бар. Олардікі көрініске ғана әдемі. Мен 6 кірпішті бір ұрып сындарғанымды Қазақстан бойынша Гиннестің рекордтар кітабына жібердім. Қазір соның құжаттарын пысықтап жатырмыз. Жуан шынжырларды үземін. Жалаң қолмен шеге қағам.

- Әжемнің тәрбиесі талай жамандықтан арашалап қалды дедіңіз ғой. Сол кісі жайында айтайықшы.

– Әже деп отырғаным – нағашы әжем. 2002 жылы қайтыс болды. Ол кісідей ешкімді жақсы көрмеген шығармын. Балалық шағым қиындау болды дедім ғой, сол кісі ғана мені шексіз еркелетіп, мейірім дегеннің не екенін сезіндіріп кеткен. Ертөстіктен бастап бүкіл ертегіні содан естідім. Батырлардың небір адам нанғысыз ерліктерін айтып қызықтыратын. Өте ертекшіл адам еді. Өзі діндар болғандықтан, құранның сүрелерін үйрететін. Әжемнің нағашысы Балапан ата деген аруақты кісі болыпты. Совет үкіметі орнап жатқан кезде жалғыз өзі қарсылық көрсеткен деп кейбір қариялар әлі күнге айтып отырады. Әуелі ауылда белсенді болып жүріп, пайғамбар жасына жақындаған кезде кенет өзгереді. Айдалаға барып үңгір қазып, 40 күн сонда паналайды. Нан мен су ғана тұтынып, 40 күн өмір сүреді. Содан кейін мүлде басқа адам болып оралыпты. Әрекеттері есі кірмеген сәбиге ұқсайтын болыпты. Сөйте тұрып адам емдей бастаған. Қазір мені осы маңның үлкендері «Бұл Балапан атаның жиеншары ғой» деп отырады.

Сол әжемді түсімде өте жиі көремін. Аптасына бір рет көріп тұрамын десем де болады. Тіпті кейде одан да жиі кіреді. Қиналған кезде, қуанған кезде түсіме кіреді. Әжем туғаннан Ақмоланың майында тұрған. Балалық шағы Жолымбет жақта өткен ғой. Қажымұқанның қазіргі Қажымұқан ауылы, бұрынғы Буденный совхозында тұрған кезі екен. Ауыл-ауылды аралап, цирк жасағанда бірнеше рет көріпті. Қараөткелдің жәрмеңкесінде өнер кәрсеткені есінде қалыпты.

«Үлкен жарғақ шалбары болатын. Сол шалбарының қос қалтасында үнемі малта құрт жүретін. Қалталарын арнайылап солай үлкен қалта етіп тіктіретін болса керек. Өзінің де аузынан құрт кетпейтін. Балалардың ортасына кіріп кетсе, сол құрттың бәрін таратып, өзіне қалмай қалатын», - деп отыратын.

Өзіңіз де сол Қажымұқан балуан сияқты жиын-тойда өнер көрсетеді деп естідік. Табысы жақсы ма?

– Тойға шығуға болады. Мен де шығам. Бірақ 90 пайызы тегін. Бір жаман жері, тойда масаң адамдар болса, істеген жаттығуларды қайталаймыз деп мазаны алады. Ішінде қолын сындырып, жарақат алатындары да бар. Сондықтан арақсыз тойға ғана баратын болдым. Event-агенттіктер қазір ол талабымды жақсы біледі.

Негізінен бұқаралық шараларға барамын. Оған жақсы ақша төлейді. Сондай тапсырыстың бірі наурыз кезінде Петропавлдан түсті. Алаңға 48 киіз үй тігіпті. Риза болып қайттым. Ал балалар үйіне, оңалту орталықтарына, түзету мекемелеріне әлеуметтік нысандарға тегін барып өнер көрсетемін. Өнерімді көрсетіп болған соң, жігер сыйлап, барынша білген кеңесімді айтамын.

Интернеттегі кейбір «тәлімгерлерге» сүйенсек, кез келген адам сіз сияқты атлет болады екен. Сол рас па?

– Атлетизмге келудің өз методикасы бар. Іргетасында геометрия, физика, физиология, психология, ақыл-ой мен мидың күші, рух жатыр. Өйткені адам денесі – тұтас механизм. Дене аса қайратты жұмыс істеу үшін биомеханика мен биофизиканы түсінуің керек. Ауырлықтың түсетін орталықтарын білуің керек. Әр денеңнің қимылында радиусты дәл есептей білуің қажет. Ал күш жұмсаған кезде биофизика көмекке келеді. Масса, жылдамдық, күш, тартылыс күші, бәрін ескересің. Оның бәрін ізденіп, ақпарат ақтарып жүріп меңгердім. Сырт қарағанда тек қара күш кереметіндей көрінуі мүмкін. Бірақ бұл да бір жатқан ғылым.

Атлеттердің жасына келсек, қырықтың айналасындағы азаматтардың мүмкіндігі молырақ. Өйткені ақылы, ағзасы, миының жұмысы тұрақтана бастаған кез. Өмірден алған тәжірибесі де бар. Жастардың да мүмкіндігі бар. Бірақ олардың ағзасы дамып болғанша талай рет өзгереді. Мысалы, мен қазір кешегіден күшті болып бара жатқанымды іштей сезіп жүрмін. Ай сайын күшейіп, толысу үстіндемін.

«Мидың күші» деп қалдыңыз ғой, соған кеңірек тоқталыңызшы.

– Мысалы кірпіш сындыруды алайық. Оны істеуге ең бірінші қол мен күш емес, ми керек. Мәселен, салмағы 500 келі «Запорожец» көлігі сағатына бес шақырым жылдамдықпен жаяу жүргіншіге соғылды деп елестетейік. Ештеңе болмауы мүмкін. Өйткені қозғалыс жылдамдығы мардымсыз, салмақ аз, сәйкесінше күш те әлсіз еді. Ал 20 тонналық «КамАЗ» сағатына 60 шақырым жылдамдықпен келіп адамды соқса, не боларын елестетудің өзі қорқынышты. Сол «КамАЗ» сағатына 5 шақырым жылдамдықпен келіп соғылса, адамға айтарлықтай зақым келмеуі мүмкін. Енді бағанағы 500 келілік «Запорожец» сағатына 60 шақырым жылдамдықпен келіп соқты дейік. Адамның тірі қалуы екіталай. Физика заңы бойынша жылдамдықпен масса қосылып күшке айналады.

Кірпіш сындыру да осы заңға бағынады. Менің массам мен жылдамдығым күшке айналады. Оған өз жанымнан тәсіл қостым. Мен кірпіш сындырар кезде тік секіріп барып ұрам. Соның арқасында ресейлік әріптестерімнен асып, 6 кірпішке жеттім. Одан кейін соққы түсетін алаңның ортасын табу маңызды. Соққы жасайтын алаңның маңызы да зор. Оның бәрін түйсік деңгейінде түйсіну үшін талай рет жарақат алдым. Сөйте-сөйте жүріп қана меңгердім. Қазіргі таңда инстинкт деңгейінде істеліп жатыр. Ойымды бағыттап үлгерсем болды. Қалғанын денем өзі реттейді. Тәжірибесіз адам кірпішті ұрар кезде миы қолын үстіңгі кірпіштің бетіне дейін ғана сілтеуге пәрмен береді. Ал менің миым ең астыңғы кірпішті сындырып өтуге дейін пәрмен береді. Ол үшін жаттығу көрсетер кезде ми «қазір қолым сынуы мүмкін», «ауырады ғой» деген ойларды ұмытып кетуі керек. Оның бәрі бірден болмайды. Адам миы өзін-өзі сақтау режимінде жұмыс істейді. Сол режимге өзгеріс енгізу керек болады. Бір ескеретін дүние, мен жасы 18-ге толмаған адамдарға кірпіш сындырумен әуестенуден аулақ болуға шақырамын. Өйткені бұл жаттығудың адам ағзасына зияны бар. Менің дене бітімім қалыптасып болғандықтан жүйке талшықтарының сезімталдығын бәсеңдетіп, сүйегімді қалыңдатуға бағытталған жаттығулар істеймін. Жастарға оларды істеп қажет емес, тіпті, болмайды.

Нақтылай кетейікші, дегенмен адамның қабілеті шексіз емес шығар. Оның межесін қалай сезуге болады?

– Негізі ми ағзаның қабілет шегін біледі. Одан асатын пәрмен берсең дабыл қағып, тосқауыл қояды. Қиындатылған жаттығу сәтті аяқталса, миымыз «бұл өлшемдер ағза үшін қауіпті емес екен» деген мәліметті тіркеп қояды. Жаттығу қиындаған сайын ми дабыл қағып отырады. Сен іспен ол дабылдың алдамшы екенін миыңа дәлелдеуің керек. Бірақ «плато» деген болады. Яғни ең жоғарғысы. Одан дене түгіл ми да асып түсе алмайды. Білетіндер «Оны тек стероидтар арқылы ғана бұзуға болады» деседі.

Абылай ханнан қалған өсиет делініп жүрген бір әдемі сөз бар. «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік. Білімге сенер заманда заманда қапы қалып жүрмелік» деп келеді. Қазір сол білімге сенер заманда өмір сүріп жатырмыз ғой. Сондай кезеңде бізге қара күшті культке айналдыру қаншалықты қажет?

– Күшті культке айналдырайық деп жүрген жоқпын. Қазақтың тарихында небір балуандар, батырлар болғанын білесіздер. Олардың бәрі қара күшінің есерсендігімен қоса баянды ісімен, өнегелі үлгісімен тарихта қалды. Біз солардың жолын қуып жүрміз деп ойлаймын. Меніңше күш өнері ұлттық фольклорымыздың бір бөлігіне айналу керек. Сонда осыншама алып аумақты халқымызға біреулер сыйлай салмағанын, балалардың өр рухымен алып күшінің арқасында бүгінге аманат болып жеткенін өзіміз де біліп жүреміз, өзгелер де ұмытпайды.

- Әңгімеңізге рахмет!


Соңғы жаңалықтар