Қазір мектепте ер мұғалім жоқтың қасы - әйгілі ұстаз Құмаш Нұрғалиевтің ұлы

Фото: None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – КСРО халық мұғалімі Құмаш Нұрғалиевтің әулетінен 30-ға жуық ұстаз шыққан. Оның ішінде сұм соғыста екі аяғы мен бір қолынан айырылған әйгілі мұғалімнің бел баласы Талант Нұрғалиевтың орны бөлек. Себебі ол әкесі отыз жылдан артық тер төккен Боран ауылындағы мектептің дамуына бар күш-жігерін, білімі мен білігін арнады. Жуықта ҚазАқпарат тілшісі «Парасат» орденінің иегері Талант Құмашұлымен сұхбат құрып, әкесінің тағылымы қандай болғанын, қазіргі білім жүйесіндегі өзгерістерге қандай баға беретінін сұрап көрді.

- Бала күннен мұғалім боламын деп ойладыңыз ба?

- 1952 жылы Шығыс Қазақстан облысы бұрынғы Марқакөл ауданы Бұғымүйіз ауылында дүниеге келдім. Мен беске толғанда әкем Боран орта мектебіне директор болып тағайындалған еді. Асқар тауымыздың ерен еңбегінің арқасында бұл білім ордасы мұқым КСРО-ға танымал болып, ең озық техникалармен жабдықталды. Бала күнімізден бізге ұстаз жолы – ұлы жол екендігін айтып келді. Осылайша, мамандық таңдарда көп ойланбадым. 1973 жылы осы мектепке физика пәнінің мұғалімі болып жұмысқа келдім. Әкемнің қасында жүріп көп дүниені үйрендім.

Ол кісіден 5 ұрпақ тарадық. Оның төртеуі мұғалім болды. Өзім ортаншысымын. Әкеміз 1988 жылы дүниеден қайтты. Міне, сол уақыттан бастап Боран орта мектебіне директорлық еттім. 2015 жылы зейнетке шықтым. Бірақ әлі күнге дейін мектеп ұжымымен байланысым үзілген жоқ. Көрген-білгенімді айтып, қолымнан келгенше көмектесуге тырысамын.

- Әкеңіздің тәлімі қандай болды?

- Ең әуелі қиыншылықты көтере білуді үйретті. Әкеміз бір қолы, екі аяғы болмаса да дамылсыз еңбек етті. Өзім сәл ауырып қалған кезде оның сондай жағдайда қалай жұмыс істейтініне таң қалатынмын. Ағаш протезбен жүргенде көбісі бір аяғы бар деп ойлап қалатын еді.

Әкем «Мұғалімдік жолды таңдаған екенсің, мықты маман бол. Өзіңді әрдайым дамытып отыр. Сонда жұмыссыз қалмайсың» дейтін. Ал бірде «Директор болғанша ұстаз болған жақсы» дегені есімде.

- Құмаш Нұрғалиев өмірде қандай адам еді?

- Мінезі тік, қатал еді. Өзі тәртіппен жүретіндіктен бәрінен соны талап ететін. Бос әңгіме, құр жүрісті ұнатпайтын. Күнде таңғы 7-де жұмысқа кетіп қалатын. Үйге түнгі сағат 11-лерде келеді. Бірақ отбасына көңіл бөлуді ұмытпайды. Бәрімізді түрлі жерлерге апарып қыдыртатын. Мәскеуге музейге де алып барғаны бар. Әкеміздің қасында жүріп талай қаланы араладық.

Жұмыс күндері түнде ұйықтамай үйге келгенін тосып жатамыз. Қыс кезінде көктайғақта құлап қалуы мүмкін ғой. Сол үшін ағам Мақсат екеуіміз далаға шығып, қарсы алатын едік.

- Қазір білім саласына көптеген жаңашылдықтар енгізілуде. Мұғалімнің мәртебесі өсіп, жалақысы көтерілді. Артық жұмыстан да арылып жатыр. Сол өзгерістерге қандай баға бересіз? Саланы дамыту үшін тағы қандай шаралар қажет?

- Рас. Бүгінде білім саласында талай жылдан бері айтылып келе жатқан мәселелер біртіндеп шешімін табуда. Бұл қуантарлық жайт. Дегенмен әлі де атқарылуы тиіс жұмыс көп. Мәселен, оқулық сапасы. Бұрынғы Кеңес дәуірінде шыққан физика, химия, математика, биология пәндері оқулықтарының оқушыға берері мол болатын. Ал қазіргі кітаптардың деңгейі нашар.

Тағы бір айта кететін жайт, елімізде физика, математика пәндерінен сабақ беретін ер адамды көрмейсің. Кілең әйелдер. Жалпы мектепте ер мұғалім жоқтың қасы. Осыған мән берілуі керек. Сауатты, білімді азаматтарды ұстаздыққа көптеп тартқан жөн.

Содан кейін университеттерде мықты мұғалімдерді дайындап жатыр деп айта алмаймын. Білім беру сапасы бұрынғыға қарағанда сылбыр тартқан. Ал біліксіз педагог балаға қалай сабақ береді?! Міне, бұл да күн тәртібіндегі мәселе.

- Мұғалімдердің білім деңгейін арттыру үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

- Ұстаз өзі сабақ беретін пәнді бүге-шүгесіне дейін білуі шарт. Баланы сабаққа қызықтыратын оратор, оның жан-дүниесін түсінетін психолог болуы қажет. Бұрын шекті балдың аздығынан ҰБТ-дан төмен алғандар осы салаға түсетін еді. Қазір әйтеуір шекті балл көтерілді. Жалақы мөлшерінің артуы да ынталы жастардың педагогика саласына қадам басуына жол ашты. Бұл үрдіс ары қарай жалғасса, мұғалімдердің білім деңгейі артатыны сөзсіз. Университеттерге деген талаптарды күшейтуді ұмытпау керек.

- Өз балаларыңыздың арасында ата жолын қуғандар бар ма?

- Бір ұл, бір қызымнан 4 немере сүйіп отырмын. Олар мұғалімдікті емес, басқа саланы таңдады. Әркімнің өз қалауы бар ғой. Ең бастысы, біреудің ала жібін аттамай, адал еңбекпен нәпақаларын тапса болды.

- Енді ғана-ақ ұстаз атанып жатқан жастарға қандай ақыл-кеңес айтасыз?

- Ең бірінші біліміңізді арттырыңыз. Күні-түні ізденісте болып, біліктілігіңізді шыңдай түсіңіз. Қазіргі заман құбылмалы, ештеңе бір орында тұрмайды. Сол үшін бәріне дайын болу қажет. Еңбектің жалауын жықпаған адам түптің түбінде жетістікке жетеді!

– Әңгімеңізге көп рахмет!


Соңғы жаңалықтар