Қазір көбіне жалғызбасты адамдарға көмектесіп жатырмыз – волонтерлер

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Ұлттық волонтерлер желісі» ЗТБ төрағасы Вера Ким қазір волонтерлер көбіне жалғызбасты адамдарға көмектесіп жатқанын айтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің Ұлттық волонтерлік желі ашқан сенім телефоны туралы айта кетсем деймін. Төтенше жағдай кезінде бізге көмек сұрап, 2 мыңнан астам адам қоңырау шалды. Әрине, зейнет жасындағы адамдар да хабарласып жатты. Біз 851 отбасына көмектестік. Тізім жасап, волонтерлер сол бойынша көмектесті. Бір рет көмек алып, енді басқаларға көмектесіңіздер деген адамдар да болғанын атап өту керек», - деді Вера Ким ОКҚ онлайн баспасөз мәслихатында.

Вера Ким қазіргі уақытта жалғызбасты адамдарға көбірек көмек беріліп жатқанын айтады.

«Қазір жалғыз қалған адамдар өмірдің қиындығымен бетпе-бет келіп тұрғанын айта кету керек. Ондай санаттағы адамдардың біразы - егде жастағылар. Оларға бір рет апарылған азық-түлік 1-2 аптаға жетуі мүмкін. Кейде бізге екінші рет хабарласатын зейнеткерлер де болады. Ондайда қаражатымыз болса, міндетті түрде барып, азық-түлік апарып береміз», - дейді ол.

Еске сала кетсек, бұған дейін «Ұлттық волонтерлер желісі» ЗТБ төрағасы бірлестіктің 2010 жылы құрылғанын, желі 80-ге тарта волонтерлік ұйымның басын біріктіретінін айтып берген еді.


Соңғы жаңалықтар