Қазір кім көрінген мұғалімді сынауға құмар - Таңатқан Түменбаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Педагогтар мәртебесі» туралы заң мектепке, жалпы қоғамға ауадай қажет» дейді Өскемен қаласындағы №44 лицейдің директоры Таңатқан Түменбаев. Десе дегендей, мұғалімдерге қатысты қордаланып қалған мәселелер жайлы Елбасының сөз қозғауы ұстаздар қауымына үлкен үміт сыйлап отыр. Осы ретте мектеп пен білім саласының өткір де өзекті мәселесін талқылау үшін ҚазАқпарат тілшісі ұстаздық жолда қырық жылдан бері келе жатқан Таңатқан Түменбаевты сөзге тартып көрді. 

«Қазіргі заманда «Педгогтар мәртебесі» туралы заң мектепке, жалпы қоғамға ауадай қажет. Өткен ғасырдың елуінші, алпысыншы жылдары мұғалім деген ерекше құрметті болатын. Керек десеңіз, үлкен ақсақалдар жас мұғалімдерге орнынан тұрып амандасатын. Мұғалімнің айтқаны ата-анаға да, қоғамға да, балаға да заң еді. Себебі, ауылда ең көзі ашық, ағартушы мұғалім болды ғой. Ал қазір, әсіресе тоқсаныншы жылдардан кейін заман, қоғам, онымен бірге адамдардың да көзқарасы өзгерді. Қазір бәрі «білімді».  Мұғалімнің беделі мен абыройы мүлде төмендеп кетті. Қазір еріншектен басқасының бәрі мұғалімді сынауға құмар. Елбасы да өз Жолдауында мұғалімнің өз жұмысымен ғана айналысуы керектігін айтты. Талай жыл көкейде жүрген мәселені Елбасының аузынан естігенімізге өте ризамыз», - дейді Таңатқан Түменбаев.

Лицей директорының айтуынша, мықты ұстаз мықты шәкірт тәрбиелейді. Ал мықты шәкірт мықты қоғамды құра алады.

«Мұғалім деген қандай болуы керек? Оның нақты міндеті, дәрежесі мен мәртебесі, жалақысы мен әлеуметтік жағдайы қандай болуы тиіс? Міне, келешекте шығатын заңда осы мәселелердің бәрі қамтылуы керек. Мысалы, мектепте мұғалімдер қандай қызмет атқарса да, жұмысы нәтижелі немесе нәтижесіз болса да, бәрі бірдей жалақы алады. Менің ойымша, мұғалімге жұмысының нәтижесіне қарай жалақы төленуі тиіс. Мәселен, жылда қаншама «Алтын белгі» иелерін шығарған, халықаралық білім сайыстарында оқушысы жүлде алған, шәкірттері спорттан халықаралық жарыстарда топ жарып жүрген мұғалімнің жалақысына бір тиын да қосылмайды. Міне, сондықтан, заң мұғалімді ынталандыру тетіктерін қарастыруы керек», - дейді лицей директоры.

Таңатқан Түменбаевтың айтуына қарағанда, мұғалім мен сынып жетекшісінің міндетін біржолата ажырату керек.

«Қазір мектептерді Назарбаев Зияткерлік мектебінің деңгейіне көтеру мәселесі айтылып жүр. Қазір орта мектептерде мұғалім сабақ та береді, сыныпқа да жетекшілік етеді. Ата-аналармен жұмыс жүргізу, жиналыстар өткізіп, сыныптағы әр балаға жауапты болу - сынып жетекшісінің жұмысы бастан асады. Міне, сондықтан, оның жұмысынан шалалық шығуы бек мүмкін. Ал Назарбаев Зияткерлік мектебінде куратор мен тютор деген бар. Олар тек баланың тәрбиесіне жауапты. Сабақ оқытпайды. Міне, сол секілді тәрбиеші тәрбие процесімен айналысып, мұғалім - мұғалім болып қалуы тиіс», - дейді ол.

Директор өз сөзінде қазіргі қоғамда қалыптасып қалған «қит еткенді мектептен көру» қағидатын өзгерту керектігін айтады.

«Қазір мұғалім мамандығына мықты түлектер бармайды. Өзекті мәселе де - осы. Себебі, жалақы аз, жұмыс көп. Екіншіден, студенттерді мұғалім мамандығына шақыру үшін шәкіртақыны көбейту керек. Грант көптеп бөлінуі тиіс. Кезінде Білім және ғылым министрі болған, қазіргі сенатор Бақытжан Жұмағұлов мұғалімдікке жастар «қалдық принципімен» баратынын бұрын да айтқан болатын. Яғни, басқа оқуға түсе алмаған жастар амалсыз мұғалім болып жатыр. Осы себепті кейде зейнеткерлерге жалынып отырамыз. Педагогтарды дайындайтын қазіргі С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-да кезінде 10-15 мың студент оқитын. Ал қазір 1000-1200 ғана студент бар. Олардың өздерінің ЖОО бітіргеннен кейін мектепке жұмысқа бару-бармауы да - екінші шаруа. Міне, білім саласындағы қордаланған осы мәселелерді «Педагогтар мәртебесі» туралы заң шешуі тиіс деп ойлаймын», - деп түйді Таңатқан Түменбаев.

Лицей директоры сонымен қатар, педагогика мамандығын бітірген жастардың әлеуметтік жағдайын қарастырылуы керектігін атап өтті. Оның айтуынша, ауылдарға ұстаздарға көрсетілетін жеңілдік секілді, қалалардағы мұғалімдердің де коммуналдық төлемдерінде жеңілдіктер енгізуі керек. 

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында 2019 жылы Қазақстанда «Педагогтар мәртебесі» туралы Заң қабылдау керектігін айтқан еді.

Фото: yk-news.kz

Соңғы жаңалықтар