Қазір екінің бірі әскерге барғысы келмейді – подполковникпен сұхбат

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – 7 мамыр – Отан қорғаушы күніне орай ҚР Ұлттық ұланы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы 6699 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Мақсұт Жүсіпбековпен сұхбат құрдық. Ол бізге осы салаға қалай келгенін, әскери адамның өмірі қандай екенін айтып берді.

- Әскери жолды таңдауыңызға не түрткі болды?

- 1984 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келдім. Атам әскери адам болған. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, қанды майданнан аман-есен елге оралды. Үнемі бізге ақылын айтып, бағыт-бағдар сілтеп отыратын. Бауыржан Момышұлын үлгі етіп, оның айтқан қанатты сөздерін санамызға сіңірді. Бала күннен Қобыланды батыр жырын жаттап өстік. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді ғой қазақ. Сөйтіп, өзіме ата жолын қуып әскери қызметкер боламын деген мақсат қойдым.

- Сол мақсатыңызға қалай жеттіңіз?

Шымкент қаласындағы республикалық әскери мектепті бітірген соң, 2001 жылы Петропавлдағы Ұлттық ұланның әскери академиясына түстім. 4 жыл сол жерде білім алдық. Содан кейін еңбек жолымды Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығында бастадым. Орал, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қостанай қалаларында қызмет еттім. Жер кезіп, ел көріп, жаңа достар таптым.

2020 жылдан бастап Өскеменге табан тіреп, Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы 6699 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары лауазымында жұмыс істеп келемін. Шенім – подполковник. Құдайға шүкір, әскери салада қызмет атқарып келе жатқаныма 21 жыл болды.

- Қызмет барысында қандай ерекше оқиғалар болды?

- Біздің қызмет үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сарбаздарымыз күнделікті қолға қару алып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді. Әр күннің өзін ерлік деуге де болады. Себебі түрлі оқиғалар, сан алуан жағдайлар болып жатады. 2009 жылы Батыс Қазақстан облысында қызметте жүрген кезім. Көктемде су тасқыны болып, бірнеше ауылда жер үйлерді су басты. Төтенше жағдайлар департаменті құтқарушыларымен бірлесіп сол жерлерге аттандық. Тұрғындарды үйлерден шығарып, бір аптадай дамылсыз жұмыс істедік.

2011-2012 жылдары Атырау қаласында болған экстремистік-террористік топтардың шабуылдары кезінде мен сол жақта бөлімше бастығы қызметінде болдым. Шаһар бойынша төтенше жағдай жарияланып, күшейтілген режимде жұмыс істедік. Арнайы жасақтармен блокбекеттерде кезекшілік етіп, лаңкестердің қалаға кіруіне тосқауыл болдық. Шыжыған ыстыққа қарамай, дамылсыз қызмет етіп, келген-кеткеннің бәрін тексердік.

- Қазір дені сап-сау аяқ-қолы балғадай кей жігіттер әскерге барғысы келмейді. Бұған не себеп деп ойлайсыз?

- Өкінішке қарай, қазір екінің бірі әскерге барғысы келмейді. Осыны көріп аталы сөзді ұғатын жас немесе аталы сөз айтатын аға жоқ па деп қынжыласың. Отан алдындағы борышын өтеу әр азаматтың парызы. Сол үшін әскер қатарында жүрген аға-бауырларымды қатты сыйлаймын. Олармен бірге әріптес болып жүргеніме қуанамын. Елінің тыныштығы, жұртының қауіпсіздігі үшін қызмет етіп жүрген сіздерді мақтан тұтамын!

- Әскери қызметте жетістікке жетемін деген адамның бойында қандай қабілет болу керек?

- Ең бірінші жауапкершілік керек дер едім. Бұл қасиетті баланың бойына жастайынан сіңірген абзал. Содан кейін батылдылық, төзімділік қажет.

- Жас сарбаздарға қандай ақыл-кеңес айтасыз?

- Соңымыздан ерген жас жігіттерді үнемі қасымызға тартып, көрген-білгенімізді айтып жүреміз. Құр өзіңнің білгеніңнің несі жақсы? Басқаға үйретпесең, жастармен бөліспесең жинақтаған тәжірибеңнен не пайда?! Әр жауынгерге жауапкершілікпен қарап, шыңдалса, шынықса екен деген тілекпен жүреміз. Оларға көбінесе «алдыға мақсат қоя біліңдер. Сол мақсатқа жету жолында барлық ауыртпашылықты көтеріп, қандай да бір шешім қабылдарда ой елегінен өткізіңдер» деймін.

- Отбасыңыз жайлы айтып өтсеңіз.

- Екінші сыңарымды еліміздің Батыс өңірінде қызмет атқарып жүргенде жолықтырдым. 2005 жылы шаңырақ көтердік. 1 қыз, 2 ұлымыз бар. Қай қалаға көшсек те келіншегім, балаларым әркез қасымда. Жұбайым жұмысыма түсіністікпен қарап, әркез қолдау танытып отырады.

Қауырт қызметтен қолым қалт етсе үйге асығып тұрамын. Отбасымызбен киелі жерлерді аралағанды, логикалық ойындар ойнағанды жақсы көреміз. Ұлдарым өскенде әскери қызметкер боламын десе қарсылығым жоқ. Бірақ өз таңдаулары өзінде. Оларға осы салаға бар деп айтпаймын. Ең бастысы, дұрыс тәрбие беріп, жақсы қасиеттерді бойларына сіңірсем деймін.

- Отан қорғаушы күніне орай әріптестеріңізге қандай тілек айтасыз?

- Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, көп дос таптым. Достарымның 90 пайызы әскери салада. Олар менің байлығым. Бір-бірімізге хабарласып, қал-жағдайымызды біліп тұрамыз. Барша қарулас жігіттерге қызметтерің алға баса берсін дегім келеді. Бала-шағаларыңның қызығын көріп, мақсат-мұраттарыңа жете беріңдер! Жас сарбаздар борыштарын абыроймен өтеп, еліне оралып, ата-анасын, жақындарын қуантсын.

- Әңгімеңізге көп рахмет!



Соңғы жаңалықтар