Қазір екі тілді мамандар сұраныста – тіл үйірмесінің мұғалімі Мария Колчина

None
Фото: М. Колчинаның жеке мұрағаты
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Қазақ ауылында туып, қазақша сөйлеп өскен Мария Колчина бүгінде Өскеменде қазақ балаларға тіл үйретіп жүр. Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада «Кел сөйлесейік» клубында сабақ беретін ол бүлдіршіндердің ана тілін білуі үшін отбасы мүшелері үйде бір-бірімен тек қазақша сөйлесуі керек дейді. Таяуда ҚазАқпарат тілшісі Мариямен жолығып, сұхбат құрып қайтқан еді.

- Қай жылы, қай өңірде дүниеге келдіңіз?

- 2005 жылы Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданы Катонқарағай ауылында тудым. Бірақ балалық шағым Ақсу ауылында өтті. 11-ші сыныпты сонда тәмамдадым. Мектептен соң Өскемендегі Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетіне «Орыс тілі мен әдебиеті» мамандығына оқуға түстім. Қазір сонда бірінші курста білім алып жатырмын.


- Қазақ тілін қалай үйрендіңіз?

- Ауылда өскендіктен құрбыларымның бәрі қазақтар еді. Солармен ойнап жүріп үйреніп кеттім. Шынымды айтсам, туғаннан бері қазақша білетін сияқтымын. Қазақстанда тұратын әр адам қазақша білуі керек деп ойлаймын. Одан бөлек, салт-дәстүрді, мәдениетті білуі тиіс. Қазір мемлекеттік тілде сөйлей алмайтындарға жұмыс табу да қиындап барады. Себебі көп жерде екі тілді мамандар сұраныста.

Өзім Өскемендегі О.Бөкей атындағы қалалық кітапханада «Кел сөйлесейік» клубында тіл үйретемін. Сонда маған келетін адамдардың ішінде қазақша білмегендіктен жұмысы жүрмей тұрғандар аз емес. Мәселен, бір кәсіпкер әйел тауар алмақ болған клиенттерін түсінбейді. Ал не керектігін орысша жеткізе алмаған олар басқа саудагерге жүгінеді. Осылайша, ол табыстан қағылады.

- «Кел сөйлесейік» клубында мемлекеттік тілді үйретіп жүргеніңізге қанша болды?

- Көп болған жоқ. Биылғы жылдың наурыз айынан бастап сонда сабақ беремін. Университеттегі мұғалімім қалалық кітапханада осындай клубтың барын, сол жаққа жұмысқа мамандар іздеп жатқанын айтты. Оның үстіне «орыс болсаң да қазақша білетіндіктен басқаларға мотивация сыйлайсың» деді. Сөйтіп, руханият ошағына барып, түйіндемемді тапсырдым. Бірден жұмысқа қабылданып, іске кірісіп кеттім. Содан бері 3 айдай уақыт өтті. Өзіме қатты ұнайды.


Сабақ аптасына 5 рет болады. Ешқандай ақысыз. О.Бөкей атындағы қалалық кітапхананың негізгі ғимараты Славский атындағы жағалауда орналасқан. Бірақ одан бөлек Өскеменнің түкпір-түкпірінде бөлімшелері бар. Сабақтарымды бір емес, бірнеше бөлімшеде өткіземін.

- Үйірмеге қанша адам келіп жүр?

- Әр бөлімшеде әрқалай. Мысалы, Жібек маталар комбинаты ықшам ауданында 11 бала келеді. Ал Гагарин бульвары көшесіндегі бөлімшеге 18 адам, оның ішінде 3 бала бар. Прохладный ауданында 6 адам жазылса, Мызы көшесіндегі «Альшемали» сауда үйінде орналасқан кабинетімізге 5 адам келіп жүр. Сондай-ақ Защита ауданында 7 оқушым қазақ тілін үйренуде.


- Үйірмеге келетіндердің ішінде қазақтар да бар шығар?

- Иә. Әсіресе қазақ балалары көп. Олардың ата-аналары қазақша білмейді емес, біледі. Бірақ балаларымен кішкентай кезінен қазақша сөйлеспеген.

- Бәлкім телеарналардағы, интернеттегі мультфильмдердің орыс тілінде болуының әсері де бар шығар?

- Ол да ықтимал. Бірақ ең бірінші үйдегілер бір-бірімен қазақша сөйлесуі керек.

- Сол балалар тілді жақсы үйреніп жатыр ма?

- Баланың өзіне байланысты. Қызыққандар, талпынысы барлар тәуір үйреніп келеді. Ал ата-анасы мәжбүрлеп әкелгендер селқос қарайды, оқығысы келмейді. Бірақ оларды да қызықтыруға тырысамыз.

- Сабақты қалай өткізесіз?

- Әр сабақ 1 сағатқа созылады. Соның жарты сағатын теорияға, қалған жартысын практикаға жұмсаймыз. Мәселен, әуелі жаңа сөздермен танысып, жаттасақ, одан кейін оларды қалай қолдану керектігін үйренеміз.

- Өзіңіз қазақ әндерін тыңдайсыз ба? Ұлттық тағамдарды әзірлей аласыз ба?

- Әрине. Өзімнің де ән айтатыным бар. Мектепте оқығанда концерттерде «Атамекен», «Алтын бесік», «Жібектің елі», «Құстар қайтқанда» әндерін шырқадым. Ал әншілердің ішінен Қуандық Рақымды сүйіп тыңдаймын.

Үйде қазақ тағамдарын дайындап тұрамыз. Ет асып, бауырсақ пісіремін, қуырдақ жасаймын. Ұлыстың ұлы күні наурыз көжесіз өтпейді. Үйде мен кенжемін, екі ағам бар. Кіші ағам қазақ қызына үйленген. Анамның туған апайының қызы да қазақ отбасына келін болды. Біз тұрған ауылда орыстар өте аз. Сондықтан әке-шешемнің достары, араласатын адамдары түгел қазақ.


- Алдағы мақсаттарыңыз қандай?

- Ең бірінші мақсат – оқуды аяқтау. Екінші курста әскери кафедраға түсіп, офицер шенін алуды көздеп отырмын. Қазір қазақ тілін 100 пайыз білемін деп айта алмаймын. Сол үшін ары қарай оқып, білімімді арттырсам деймін. Қолға диплом алғаннан кейін мұғалім болып жұмысқа орналасқым келеді.

Әңгімеңізге көп рахмет!


Соңғы жаңалықтар