Қажылыққа ниеттенген жүздеген адамды әлекке түсірген кәсіпкер қамауға алынды

None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Қажылық сапарға ниеттенген қазақстандықтарды әлекке түсірген кәсіпкер қамауға алынды. Бұл туралы Шымкент қаласының прокуратурасы мәлімет таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық прокуратураның мәліметінше, күдіктінің үстінен Еңбекші ауданының полиция басқармасы қылмыстық іс қозғаған. Тергеу жүріп жатыр.

«Шымкент қаласының тұрғындары «Kausar Travel» туристік агенттігінің директорына алаяқтық фактісі бойынша шара қолдану туралы ұжымдық өтінішпен жүгінді. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижелері бойынша күдікті Шымкент қаласы Полиция департаментінің уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. Қала прокуратурасы қылмыстық істің материалдарын және ұстаудың негізділігін зерделеп, тергеу органының сот алдында қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беру туралы өтінішін қолдады. Сот қарауының қорытындысы бойынша күдікті адамға қатысты таңдалған бұлтартпау шарасына санкция берілді. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Тергеу мүддесі үшін өзге де ақпарат жариялауға жатпайды», - делінген қалалық прокуратураның хабарламасында.

Айта кетейік, бұған дейін жүздеген адам қажылыққа апаратын «Kausar Travel» туристік агенттігіне шағымданғаны жайлы ақпарат тараған болатын. Otyrar.kz хабарлауынша, жолдама сатып алғандардың бірі Медина қаласына әрең жетіп, онда да далада қалған. Ал, енді бірі Меккеге ұша да алмаған, ақшасын да кері қайтарып ала алмай жүр. Шағымданушылар қатарында Шымкент қана емес, Ақтөбе, Алматы мен Қарағанды қаласының тұрғындары да бар. «Жұрттың есебінше, «Кәусар тревел» турфирмасына алданғандар саны 300-ден асады» делінген еді ktk.kz материалында.


Соңғы жаңалықтар