Қажылыққа бару үшін қарыз алу дұрыс па

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қарыз алып немесе көмек сұрап қажылыққа баруды шариғат қолдамайды. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, наиб-мүфти Наурызбай Өтпенов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Наиб-мүфти Наурызбай Өтпенов қажалық парызы туралы ақпарат бере келе, оған неше рет бару керек деген сауалға тоқталды.

«Кез келген мұсылман қажылыққа барғысы келеді. Оған баруды армандайды. Қажылық кімге парыз екенін алдын ала біліп алғанымыз жөн. Қасиетті Құранда «Кімнің жағдайы келсе, сол адам өмірінде бір рет қажылық жасасын» деген. Яғни кез келген жағдайы бар мұсылманға өмірінде бір рет қажылыққа бару - парыз. Жағдайы дегенде әлеуметтік жағдайымен қоса денсаулығы да айтылып тұр. Әрине, одан кейін тағы барам десе, оның да еш әбестігі жоқ», - дейді дін өкілі.

Ол сондай-ақ, қажылыққа бару үшін кей адамдардың қарызданып жататынын айтты.

«Кей адамдар қажылыққа бару үшін бір-бірінен қарыз немесе көмек сұрайды. Шариғат мұны қолдамайды. Яғни, жағдайы келген адам ғана қажылыққа баруы керек. Қажылық дегеніміз – құлшылық. Ол барып демалатын орын емес. Болмаса ел көріп келетін жай бір сапар емес. Қажылыққа барып келіп, бір дәрежеге көтерілем дейтіндей мансап та емес. Осыны білген жөн», - деді Наурызбай Өтпенов.

Еске салсақ, жыл басында қазақстандықтарды қажылыққа апаратын екі әуе компаниясы бекітілген болатын. Биыл өңірлер арасында Түркістан облысынан қажылыққа баруға ниет білдірушілер саны көп.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Наурызбай Өтпенов қажылық виза кімдерге берілмейтінін түсіндірді.

Соңғы жаңалықтар