ҚАЖК: Азаптаудың алдын алу үшін Қазақстандағы түрмелер кенеттен тексеріліп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының бірінші орынбасары Теңізжан Жәнібеков түрмелердегі азаптау жағдайларының алдын алу үшін қандай шаралар қолға алынып жатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз жағдайлардың қайталанбауы үшін (түрмедегі азаптау) біршама іс-шара жүргізіп жатырмыз. Кенеттен тексеру (түрмелерге) ұйымдастырылады. Бейнебақылау жүйесі бар. Қаражаттың бөлінуіне байланысты биылдың өзінде 31 түзеу мекеменің қызметкерлерінің кеудесіне бейнебақылау камерасын (видеожетон) тақтық. Әр мекемеде өз бейнебақылау жүйесі бар», - деді ол.

Хабарланып отырғандай, қазіргі таңда Қазақстан аумағындағы 82 түзеу мекемесіндегі қызметкерлердің кеудесіне 1 363 видеожетон тағылған. Жылдың соңына дейін тағы 635 видеожетон тағылады.

«2020-2022 жылға қарай да видеожетонмен толық қамту үшін бюджетке өтініш жолдаймыз. Түрмелердегі тәртіпті нығайту үшін қызметкерлердің жұмысы қатаң бақылауға алынатын болады», - деді ҚАЖК төрағасы Дархан Қанатбеков.

Оның айтуынша, Қазақстан түрмелеріндегі адам саны 100 мыңнан 29 мыңға азайған.

Еске сала кетсек, бұған дейін әлеуметтік желілерде формадағы адамдардың тұтқынға жәбір көрсетуі туралы видео тараған еді. Алматы облысында болған оқиғаның бейнежазбасы қоғам наразылығын тудырды.

Ақыры, Алматы облысындағы ЛА-155/8 мекемесінде сотталғандарды азаптаған қызметкерлер жауапкершілікке тартылды. Колония басшылығы жұмыстан кетті.



Соңғы жаңалықтар