Қазгидромет қызылға боялған өзен суын 50-ге жуық көрсеткіш бойынша тексеріп жатыр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Қазгидромет» РМК мамандары қызыл түске боялған Үлкен Алматы өзенінің суын 47 көрсеткіш бойынша тексеріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің мамандар Экология департаментінің өкілдерімен бірлесе отырып өзен суынан сынама алды. Бұл жоспардан тыс тексеру болды. Негізінен судың құрамы 47 көрсеткіш бойынша тексеріледі. Атап айтқанда, судың температурасы, ауыр металдар тұзы, оттектік құрамы,  азоттық тобы, нитраттар, нитриттер, аммоний тұзы, марганец, фосфор, карбонат, мұнай қалдықтары сияқты заттар тексеріліп жатыр. Бұл заттар судың қызыл түске боялуына ықпал етуі мүмкін», - деді «Қазгидромет» РМК Алматы бөлімшесінің химиялық талдау бөлімінің басшысы Айжан Нүкенова.

Оның айтуынша, талдау нәтижелері ертең дайын болады.

Айта кету керек,Үлкен Алматы өзенінің қызыл түске боялғаны тұрғындарды таң қалдырды. Аталған видео әлеуметтік желі арқылы тарап кеткен болатын.

Соңғы жаңалықтар