Казгидромет балық қырылған Талғар өзенінен 3 сынама алды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы облысы Талғар өзенінде балықтардың қырылуынан соң Қазгидромет РМК өзен суынан 3 сынама алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БАҚ-та және «Facebook» желісінде Алматы облысы Базаркелді ауылы жанындағы Талғар өзенінде балықтардың қырылуы мен судың қараюы туралы таралған бейнеақпарат бойынша 27 мамырда «Қазгидромет» РМК қалалық филиалы зертханасының мамандары 3 нүктеде жоспардан тыс су сынамаларын алды. Олардың біріншісі - «Adal Cүт» ЖШС фермасынан 0,5 шақырым жоғары, екіншісі - «Adal Cүт» ЖШС фермасына таяу, үшіншісі «Adal Cүт» ЖШС фермасынан 0,5 шақырым төмен тұстан алынған.

«Жер беті суының сапасын талдау 44 физикалық химиялық көрсеткіш бойынша жүргізіледі. Оның ішінде бас иондар, биогенді, органикалық және органикалық емес заттар, ауыр металдар тексеріледі. Бірінші талдау нәтижелері бойынша су температурасы 25,1-26,4 ºC болған. Сутегі көрсеткіші 8,1-8,2, суда ерітілген оттегінің шоғырлануы қалыпты мөлшерде және 7,4-7,7 мг/дм3 диапазонында, түсі – 6-7 градус, мөлдірлігі – 20 см, иісі – 1 балл, табиғи суға тән емес иіс (қи иісі) сезіледі», - деп мәлім етті «Қазгидромет» РМК.

Қалған көрсеткіштер бойынша қосымша ақпарат 29 мамырда белгілі болады. Оттегіні биохимиялық тұтынуға талдау нәтижелері 5 тәулік дайыналатынына байланысты оның нәтижесі 1 маусымда жарияланады.

Еске сала кетсек, Талғар өзенінде балықтардың қырылғанын айтып жергілікті тұрғындар дабыл қаққан. Экологиялық белсенді Ольга Гумирова видеоны Facebook парақшасында жариялады.

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман және малшаруашылығы комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахметтің айтуынша, 27 мамырда Алматы облысы Қапшағай қаласы территориалдық инспекциясының мемлекеттік инспекторлары оқиға орнына барып, тексеру жүргізген. Одан бөлек судың сапасын анықтауға «Казгидромет» РМК қызметкерлері зертханалық сынама алды.

Осыған ұқсас оқиға Алматыда 26 наурызда болған еді. 28 панфиловшылар паркінде 20-30 кептер қырылып қалған.

Қала тұрғындары құстар дезинфекциялық заттардан уланды деген болжам айтты.

Алайда, Ұлттық референттік орталық мамандары олардың өліміне қатысты шығарған қорытындыда химиялық улануды жоққа шығарды.

«Құс тұмауы, Ньюкасл індеті, орбитоз, хламидиоз, пастериоз сияқты инфекциялық аурулар жоқ екендігі анықталды. Құстардың ағзасынан ауыр металл тұздары, хлор табылмады», - деді орталық мамандары.



Соңғы жаңалықтар