Қазгидромет Астанадағы ауа сапасын тексерді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазгидромет РМК Астанадағы ауа сапасына тексеру жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2023 жылғы 19 маусымда Астана қаласындағы №7 бекетте (сол жағалау, Түркістан көшесі, 2/1) ауданында шекті концентрация мөлшерінің асып кету байқалды. Әсіресе азот оксиді бойынша (шекті концентрацияның асып кетуінің 9 жағдайы), азот диоксиді бойынша (42 жағдай) байқалған», - деп жазылған Қазгидромет хабарламасында.

Мекеменің хабарлауынша, №7 бекеттен басқа, №8 бекетте (Көктал шағынауданы) озон бойынша 19 жағдай, күкіртсутек бойынша – 18 жағдай тіркелген.

«Синоптикалық сипаттамаларға сәйкес, оңтүстік, оңтүстік-батыс желдерінің екпіні 16 м/с дейін жетеді. Алда жаңбыр жауады деп күтілуде. Күннің аяғында қатты жаңбыр, найзағай, бұршақ, дауыл болады», - деп болжам жасады Қазгидромет.

Бұған дейін Қорғалжын тасы жолы мен Қосшы қаласына қарай айналма жолдың арасында қураған ағаштың өртеніп жатқанын хабарлаған едік.

Салдарынан Астана көшелерін түтін басып, дәрігерлер көшеге шықпауға шақырды.


Соңғы жаңалықтар