Қазфосфат компаниясындағы еңбек дауы: тараптар келісімге келді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының Жаңатас қаласындағы «Қазфосфат» Қаратау тау-кен комбинатының қызметкерлері басшылыққа еңбекақыны көтеру талабын қойып, наразылық білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Компаниядан мәлімдегендей, еңбек дауына байланысты 14 сәуірде Жаңатас қаласындағы комбинатта арнайы комиссия құрылған. Келіссөздер нәтижесінде тараптар сындарлы келісімге келді.

Бүгінгі таңда компанияның барлық кәсіпорындары штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Кәсіпорында туындайтын барлық еңбек даулары жедел шешілетінін және компания басшылығы әрқашан өз қызметкерлерінің қажеттіліктерін қанағаттандыруға және конструктивтілікке бағытталғанын атап өткен жөн», - деп мәлімдеді компаниядан.

Белгілі болғандай, биыл қаңтардан бастап компания қызметкерлердің жалақысын көтерген. Шілдеге қарай еңбекақы мөлшерін тағы да өсіру жоспарланып отыр.

Еске салайық, бұл аталған компанияда туындаған алғашқы оқиға емес. Мәселен, өткен жылы қарашада аталған кәсіпорынның 200-ге жуық қызметкері химия зауыты басшыларының бірінің әрекетіне наразылық білдірген. Ол жолы оқиға орнына дер кезінде барған Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров мекеме қызметкерлерімен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Кейін еңбеккерлерге дөрекі сөйлеген азамат қызметінен босатылды.

Араға бірнеше күн салып, «Қазфосфат» ЖШС-де тағы да еңбек дауы туындады. Онда кәсіпорын қызметкерлері компания басшылығынан еңбекақыны көтеруді талап етті. Кейін құрылған арнайы комиссия 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап қызметкерлердің жалақысын 50 мың теңгеге, 1 шілдеден бастап тағы 30 мың теңгеге көтеру шешімін қабылдады.

Ал, бір айдан соң, яғни былтыр желтоқсанда Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Болат Сәметов «Қазфосфат» зауыты аммофос тыңайтқышын жоғары бағамен сатып келгенін мәлімдеді. Тиісті текерістен кейін зауыт аммофос бағасын 185 мың теңгеден 173 мың теңгеге төмендетті. Сондай-ақ, кәсіпорын мемлекетке 697 млн теңге көлемінде залалды өтеді.


Соңғы жаңалықтар