«ҚазАвтоЖолдың» Түркістан облысындағы филиал директоры жұмысынан кетті

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жол сапасына қатысты тұрғындардың шағымынан кейін «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Түркістан облыстық филиалының директоры жұмысынан босатылды. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ел тұрғындарынан болған сынға байланысты «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Түркістан облыстық филиалының директорын қызметінен босату туралы шешім қабылданды. Қоғам төрағасының орынбасарына қатаң сөгіс жарияланды.

Сонымен қатар жолдарды күтіп ұстау сапасын тиісінше бақыламағаны үшін «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының өңірлік филиал басшысына қатысты тәртіптік сипаттағы шаралар қабылданды», - делінген ұсынылған хабарламада.

Мәлім етілгендей, қазіргі уақытта бетон плиталарының көтерілуін тоқтату бойынша шаралар қабылданды. Сондай-ақ микросюрфейсинг төсеу жұмыстарын уақытша тоқтату шешімі қабылданды. Бұдан бөлек, цемент-бетон плиталарының арасын кеңейтетін температуралық тігістер күнделікті тексерілетін болды.

«Айта кету керек, аталған мәселе ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің ерекше бақылауында. Плиталардың өзгерген орындарында талдау жүргізілді. Соның негізінде тиісті бұйрықтар берілді. Бұл іс-шаралардың басты мақсаты – мұндай фактілердің қайталануына жол бермеу», - делінген министрліктің баспасөз мәліметінде.

Еске салайық, биылғы 8 маусымда «Самара – Шымкент» тасжолының «Қызылорда – Шымкент» ақылы учаскесінде цемент-бетон плитасы көтеріліп кеткен болатын. Жол ортасындағы үлкен плиталар ажырап, көліктердің жүруіне кедергі тудырды.

Кейін, республикалық маңызы бар М-32 «Самара-Шымкент» автожолының Түркістан қаласы Темірлан ауданы маңындағы бөлігінде цемент-бетон плитасы тағы көтерілді.


Соңғы жаңалықтар