«ҚазАвтожол» жариялаған 7,2 млрд теңгенің конкурсы сотта қаралып жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин «ҚазАвтожол» компаниясы жариялаған конкурс бойынша өтіп жатқан сот ісі туралы мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Серік Жұманғарин «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің алаңында өткен Ореп Space кездесуде мемлекеттік сатып алу конкурстарында да бағаны келісіп белгілеу белең алып тұрғанын айтты.

«Бағаны келісіп белгілеу бойынша айтсақ, 2020 жылдың қорытындысы әлі жасалып жатыр. Пандемия өз әсерін тигізді. Бірақ қазірдің өзінде 1,7 млрд теңгенің айыппұлы салынды. 2018-2020 жылдары сауда алаңдарында 55 баға келісімі анықталған», - деген агенттік басшысы «ҚазАвтоЖол» компаниясының даулы конкурсы туралы мәлімет берді.

«Мысалы, автомобиль жолдарын салу нарығы жергілікті әкімдік пен «ҚазАвтоЖол» компаниясының құзырына кіреді. Қазір бізде сот процестері жүріп жатыр. Екі компания 7,2 млрд теңгенің конкурсына қатысқан. Жеңімпаз компания конкурста ұту үшін сатып алу бағасын 4 000 пайызға арзандатқан. Екі компания да араға 14 минут салып бір мезетте өтінім берген, екеуі бір ІР-мекенжайды қолданған. Яғни екі өтінім де бір компьютерден жолданған. Компаниялар тіпті бір заңды мекенжайда орналасқан. Бір құрылыс консорциумына қарайды. Заттарды бір ғана орындау дайындаған, көрсетілген байланыс нөмірлері де ортақ», - деді Серік Жұманғарин.

Еске салсақ, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі 2025 жылға дейін елдегі бірыңғай операторлардың тең жартысын қысқартпақшы.

«Оның ішінде 11 кәсіпорын бойынша түбегейлі шара қабылдадық. Екеуінің жұмысын оңтайландырамыз да, 9-ын «оператор» мәртебесінен айырамыз. Бұл 9-дың бесеуі жеке меншікке берілсе, қалған төртеуі «оператор» мәртебесінсіз мемлекеттік органға бағынышыты кәсіпорын болып қалады. Олардың да сатып алулар кезінде ешқандай басымдықтары болмайды. Бұл ұсыныстарды әзірге Президент әкімшілігі қолдап отыр. Жалпы 2025 жылдың аяғына дейін 20-25 операторды мәртебесінен айыру жоспарланып отыр. Бұл алаңды тазартсақ, шағын және орта бизнес өкілдері үшін 47 млрд теңгенің қызмет көрсету және тауар нарығына жол ашылады», - деді агенттік төрағасы.


Соңғы жаңалықтар