«Қазәуеқұтқару» мен «Қазәуеорманқорғау» басшылары мемлекет ақшасын қалай шашқан

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Қазәуеқұтқару» АҚ мен «Қазәуеорманқорғау» кәсіпорны басшыларының соты басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айыптау актісіне сәйкес, «Қазәуеқұтқару» директоры Досымбеков Мәлік пен «Қазәуеорманқорғау» басшысы Төлеуғазы Сексенбаев Қытай компаниясының өкілі Ли Хуаодан «Ми - 171Е» тікұшағын жеткізу туралы келісімге қол қою үшін 100 мың АҚШ доллары көлемінде пара беруді сұраған.

«2017 жылдың 10 маусымында 50 мың АҚШ доллары картаға түскен. 13 маусымда Досымбеков 49 403 АҚШ долларын шешіп алған. Бұл ақшаның 19 мыңы теңгеге ауыстырылып, 6 млн 292 мың теңге болған. Банктен шығып келе жатқанда Досымбековті Алматы коррупцияға қарсы қызметі мамандары ұстады. Досымбековте 30 мың АҚШ доллары мен 6 млн теңге болған», - деді прокурор Аян Ақбердиев.

Мемлекеттік айыптаушы сотқа дейінгі тергеу барысында сотталушылардың қызметтік лауазымын асыра пайдаланғанын анықтады. Атап айтқанда, олар адамдарды қағаз жүзінде жұмысқа алып, төленген жалақыны қалталарына басып отырған.

«Қазәуеорманқорғау» РМКК директоры Т.Сексенбаевтың үйін тазалайтын аула сыпырушы қағаз жүзінде Жамбыл аваитобының десант-өрт сөндірушісі ретінде жұмысқа алынған. Жалақысы 42650 теңге болған. Бірақ іс жүзінде ол жұмыс жасамаған.

«Жалпы алғанда аула сыпырушы Рязанцев аула сыпырушы ретінде 2016 жылдың наурызынан мамырына дейін 224 мың 473 теңге алған, сонымен қатар Жамбыл десантының өрт сөндірушісі ретінде 66 мың теңге сыйақы алған. Осылайша Сексенбаев ҚР ҚК 189-бабының 3-бөлімімен қызметін пайдалана отырып өзіне сеніп тапсырылған мемлекет қаржысын талан-таражға салды деген айып тағылды», -  деді мемлекеттік айыптаушы.

2017 жылдың сәуірінде Сексенбаев пен Досымбеков 28 ұшқыш бақылаушыны жұмысқа қабылдау кезінде де алаяқтық жасаған.

«Сексенбаев екеуара келісімшартты бұзамын деп қорқыта отырып Досымбековке 28 бақылаушы ұшқышты жарты ставкамен қабылдау керектігін айтқан. Досымбеков бұл ұшқыштар жұмыс істемейтінін біле отырып, келісім берген. 2016 жылдың мамырынан маусымына дейін «Қазәуеорманқұтқару» РМКК 28 бақылаушы ұшқышына 7,8 млн теңге көлемінде жалақы түскен. Одан ары да 11,7 млн теңге түсу керек болатын. Бірақ, Досымбеков пен Сексенбаев ұсталған соң бұл тоқтатылды», - деді прокурор.

Сонымен қатар, Сексенбаев тікұшақтарды өз мақсатында пайдаланып, айналасындағыларды тегін тасымалдаған.

Ол мемлекеттік тікұшақтарды жеке мақсатта пайдаланып, курортқа барып демалған.

«Шығыс Қазақстан облысында орналасқан Рахманов бұлағы бақылануы тиіс жоспардағы орындар қатарында болмаған. Сексенбаев пен оның айналасындағылар ол жерге демалуға барған», - деді ол.

Осылайша ҚР АШМ «Қазәуеорманқұтқару» РМКК директоры Төлеуғазы Сексенбаев ҚР ҚК сеніп тапсырылған өзгенің мүлкін жымқыру, қызметтік уәкілеттілігін асыра пайдалануға көмектесу, өзгенің мүлкін жымқыруға итермелеу, қызметтік уәкілеттігін асыра пайдалану, пара алу баптары бойынша айыпталды.

Ал ҚР ІІМ ТЖК «Қазәуеқұтқару» АҚ директоры Мәлік Досымбековке ҚР ҚК сеніп тапсырылған өзгенің мүлкін жымқыру, қызметтік уәкілеттілігін асыра пайдалануға көмектесу, өзгенің мүлкін жымқыруға итермелеу, қылмыстық топ мақсатында қызметтік уәкілеттігін асыра пайдалану, пара алу баптары бойынша айып тағылды.

Айта кету керек, Сексенбаев пен Досымбеков құны 12 млн доллар болатын "МИ-171Е" тікұшағын сатып алу туралы келісімге қол қою үшін шетелдік компания өкілінен 50 000 АҚШ доллары көлемінде пара алған соң ұсталған болатын.

Ұлттық бюро өкілдерінің хабарлауынша, жалпы келісілген пара көлемі 100 АҚШ доллары болған.

Соңғы жаңалықтар